- Негізгі бет
- Мәдениет
- 2018 жылдың басты...
2018 жылдың басты түсі анықталды
Рantone түстер институты әр жыл, әр маусым үшін сәнді түстер палитрасын ұсынып отырады. Олар әлемдік атаққа ие сән үйлерінің, дизайнерлердің топтамаларын зерттеу арқылы келесі маусымның немесе жылдың сәнді түстерін анықтайды және сол маусымда расымен олардың болжамы дәл келеді.
Жақында ғана Рantone түстер институты келесі, яғни 2018 жылдың басты түсін көпшілікке таныстырды. Бұл түс – "Ультракүлгін". Таңдау жасамас бұрын институттың 10 маманы әлемдік турнеге аттанған. Бұл сапарларында зерттеушілер киім, тұрмыстық заттар, косметика мен өзге де дүниелерден "түстік" белгі іздейді.
Pantone түстер институтының атқарушы директоры Леатрис Эйсман: "Ультракүлгін – өте күрделі түс. Өйткені, оны алу үшін бір-біріне қарама-қайшы екі түсті араластыру қажет. Олар: қызыл мен көк" - дейді. Эйсман ханым ультракүлгін түс қазір әлемде болып жатқан құбылыстардың мінезін анық беретінін де атап өтті. Сондай-ақ, ол жақсы өмірге, жарқын болашаққа деген үміттің белгілі екен.
Ультракүлгін түсі Balenciaga, Gucci, Marni, Loewe, Marc Jacobs сынды брендтердің күзгі топтамаларының басым бөлігін қамтыды.
Аталған түстің мәдениетте де алар орны ерекше. Бұл өмірден өткен ұлы музыкант Принстің сүйікті түсі болған, сондай-ақ, архитектор Фрэнк Ллойд Райт та үнемі ультрафиолет түсті плащ киіп жүретін. Ал, атақты суретші Энди Уорхол болса, өз музасы Изабель Коллин Дюфренді "Ультракүлгін" деп еркелетеді екен.
А. Оралқызы