Германияда эко белсенділер Клод Моненің құны 110 миллион доллар тұратын картинасына картоп пюресі жақты. Бұл туралы BILD Telegram арнасы хабарлады.
Потсдамдағы (Германия) Барберини мұражайында Letzte Generation белсенділері импрессионист Клод Моненің «Шөп үйінділері» картинасына картоп пюресін жағып, содан кейін өнер туындысының жанындағы қабырғаға қолын желімдеп тастаған.
«Не қымбат – өнер ме, өмір ме?» ұранымен осындай акциялар өтіп жатыр. Қозғалыс климаттық мәселелерге назар аудара отырып, тұрақты түрде өткізіледі.
Белсенділер галереяға келушілер алдында сөз сөйледі.
«Адамдар аштыққа ұшырап, тоңып жатыр, өліп жатыр. Біз климаттық апатқа тап болдық. Ал сіздер қызанақ шырыны немесе картоп пюресінен қорқасыздар ма? Әлем аштық апатына келе жатыр, ертең тамақ үшін күресте бұл суреттердің маңызы болмай қалады», - деді белсенділер.
Бұған дейін Ұлыбританиядағы Just Stop Oil климаттық үгіт-насихат тобының екі эко белсендісі Винсент ван Гогтың құны 86 миллион еуро тұратын «Күнбағыс» картинасына қызанақ шырынын құйған болатын. Just Stop Oil өз әрекетін британ үкіметінен барлық жаңа мұнай-газ жобаларынан дереу бас тартуды талап етумен байланыстырды.