- Негізгі бет
- Мәдениет
- 100 жыл бұрын...
100 жыл бұрын аниме қандай еді?
Биыл – анимеге 100 жыл. Бір ғасырлық ғұмырында ол тек жапон халқының ғана емес, барша әлем мәдениетінің ажырамас бөлшегіне айналды: "Покемон" мен "Сейлор Мун" анимелерінен бастап "Наруто", "Сауыт-сайманды елес", "Акираға" дейінгі сериалдарды барша әлем жұртшылығы сүйіп тамашалайды.
Ал, мұның бәрі неден бастау алды?
Токионың ұлттық заманауи өнер мұражайы анименің ғасырлық ғұмыры құрметіне аниме тарихындағы алғашқы туындылардың сандық нұсқасын жасап, оларды көпшілікке қол жетімді ғаламтор сайттарына орналастырған. Онда Жапония мемлекетінің ХХ ғасырдағы тұтас тарихы бейнеленген.
Аниме ХХ ғасырдың басында император Мэйдзи мен Тайсэ билік құрған тұста пайда болды. Бұл кезең Жапонияның Америка құрама штаттарымен достық қарым-қатынасты дамытуы және анимация сынды жаңа өнер түрлерін игеруімен сипатталады. Бірінші анимациялық туындыларда жапониялықтардың Уолт Дисней сынды батыстық әріптестеріне еліктегені байқалады. Ал, Дисней болса, өз кезегінде, жапониялық анименің ең мықты тұсын өз кейіпкерлерін жасауға қолданған. Ол – кейіпкерлерді әсерлі ету мақсатында, көздерін шамадан тыс үлкен етіп бейнелеу.
Анимациялық фильмнің тарихындағы алғашқы кейіпкер самурай болды. Ол жайынгерлік өнерді игермегеніне қарамастан қылышымен біреуді құлатып салуға ынтық. Өзіне қарсылас ретінде самурайсымақ соқыр монахты таңдайды. Ақырын ғана оның артынан келіп қылышты сұғып алмақ болғанда, монах оны бір-ақ соққымен құлатады. 1917 жылғы «Өтпейтін семсер» фильміндегі самурай бейнесі осыған дейін қалыптасқан мәдениеттен өзге. Себебі, бұл жерде жауынгерлерді күлкіге айналдырған. ХІХ ғасырдың соңында индустрияландыру мен халықаралық жетістіктерге қол жеткізу мақсатында Жапон үкіметі бұрынғы әлеуметтік жүйеден бас тартты. Самурайларды бұрынғы әлеуметтік мәртебесі мен жеңілдіктерінен айырды. Бұрын-соңды мықты саналған жауынгерлер енді оппозицияға өтіп, олардың қоғамдағы бейнесі өзгерді. Бұрын қаһармандарша құрметтелген самурайлар енді мазақ болды.
Бірінші анимациялар тек жергілікті суретшілер және энтузиастардың күшімен жасалған. 10 минуттық әңгімелерде олар маңызды әлеуметтік мәселелерді қозғап, саясаткерлер көңілін бірден өзіне аудартады. Кейінгі уақытта олар аниме жасаушыларға қолдау көрсетіп, басты демеушісіне айналады. Осыдан кейін анимелерде саяси цензура қолданылып, мультфильмдер мемлекеттік саясатты насихаттау құралы ретінде пайдаланылды. Алғашқы анимелерде негізгі кейіпкерлер жануарлар болды, бірақ 30-шы жылдардан бастап кейіпкерлер адам бейнесіне ене бастады. Олар – жауларын оңай жеңетін батыл жапон сарбаздары. Олардың қатарында, ежелгі аңыздарда кездесетін ұлттық батыр Момотаро да бар. Классикалық аңыздарда ол жын-перілермен күрессе, 30-шы және 40-шы жылдарда жасалған анимеде Жапония министрлігінің бұйрығымен Индонезия мен Малайзияны америкалықтардан азат етеді. Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі АҚШ-пен болған араздық себебінен жапон аниматорлары америкалық карикатура жасаушыларға еліктеуден бас тартады. Анимелерде ұлттық идеология артып, кешегі либерализмді жоққа шығарады.
Әскери жүйенің анимеге әсер етуі 1947 жылға дейін жалғасады. Жапония өзін пацифистік мемлекет деп жариялағаннан кейін, аниме саяси құрал болудан қалып, жай ғана ертегі немесе қиял-ғажайып әңгімелерді ғана баяндауға ауысады.
А. Оралқызы