Қырағылық пен сақтық туралы (II Бөлім)

Аспанға қарай оқ атпа,
Өзіңнің түсер басыңа.

***
Ел жаусыз болмас,
Жер таусыз болмас.

***
Ежелгі жауда елдік жоқ.

***
Жау қайда деме, жар астында,
Бөрі қайда деме, бөрік астында.

***
Жау құтырса, шаңырағыңа қобыз тартар.

***
Дұшпан күле кіріп,
Күңірене шығар.

***
Қастағы сояу көзді аңдиды.

***
Кек түбі – ойран.

***
Жер астынан жік шықты,
Екі құлағы тік шықты.

***
Жыланның өзі өлсе де,
Құйрығы өлмейді.

***
Көп жорытқан ит, күшәлаға жолығады.

***
Ажалды қарға бүркітпен ойнайды.

***
Алыстағы жаудан, аяқ астындағы дұшпан жаман.

***
Алысқан жауға арқаңды көрсетпе.
Күрілдеп келген жаудан,
Күлімдеп келген жау жаман.

***
Жауды аяған жаралы.

***
Үйреніскен жау атыспаққа жақсы.

***
Ұйқы өліммен тең.

***
Өтірік деген дұшпан бар,
Отқа сүйреп салады.

***
Мың жаудан бір жансыз жаман.

***
Сырын білмеген аттың сыртынан жүрме.

***
Ақылсыз достан мың сақтан,
Ақылсыз дұшпаннан жүз сақтан.

***
Ордалы жыланмен ойнама.

***
Бір елі ауызға, екі елі қақпақ.

***
Досы көппен сыйлас,
Досы азбен сырлас.

***
Жалғаймын деп үзіп алма,
Түзеймін деп бұзып алма.

***
Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі.