- Негізгі бет
- Мақал-мәтелдер, жаңылтпаштар
- Адалдық, адамгершілік, достық,...
Адалдық, адамгершілік, достық, ізгілік, ынтымақ туралы (III бөлім)
Ақылы аздың азабы көп.
***
Ақымақтың үлкен-кішісі болмайды.
***
Аңқау бөрі қой үркітеді,
Ақылсыз адам ел үркітеді.
***
Ақылдыға ишарат,
Ақымаққа таяқ.
***
Ақылы жоқтың арманы жоқ.
***
Берместің үйінде бесті қымыз тұрады.
***
Ымды білмеген, дымды білмейді.
***
Түлкінің қызылдығы өзіне сор.
***
Екі кеменің құйрығын ұстаған суға кетер.
***
Ұялмаған бұйырмағаннан татар.
***
Жаужұмыр жақсы болса,
Итке тастар ма еді.
***
Мал кедейлігінен,
Ақыл кедейлігі жаман.
***
Ашулының алдында тұрма.
***
Аңқау аңдамайды,
Әңгі тыңдамайды.
***
Баста ми жоқ болса,
Екі аяққа күш түсер.
***
Аузында әзілі жоқтың,
Қолында масқарасы бар.
***
Пейілі жаманға пәле жолығады.
***
Көпсінген азға жегізер.
***
Ұрыншақ ат арық болар,
Көңілшек жігіт жарлы болар.
***
Күншілдің күні қараң.
***
Арамзаның құйрығы бір-ақ тұтам.
***
Көк долыдан дәу пері қашыпты.
***
Өзінің түйедей мінін көрмей,
Біреудің түймедей мінін көрер.
***
Өзім білем өрге апармас.
***
Ақылы жоқ басқа,
Адырайған көз бітеді.
Дуасы жоқ ауызға,
Судыраған сөз бітеді.
***
Азды алмаған, көптен құр қалады.
***
Берместің сылтауы көп.
***
Аталы сөзге арсыз таласады.
***
Шын жомарт жоқтығын білдірмес.
***
Ақкөңілден арамдық шықпас,
Арамдық шықса да жамандық шықпас.
***
Өз ақылын шамалаған қор болмас.
***
Сыпайы сырын жасырмайды.
***
Сыпайыны үйде көрме, түзде көр.
***
Арғымақтың белгісі,
Аз оттар да көп жусар.
Асыл жігіт білгісі,
Аз сөйлер де көп тыңдар.
****
Күлме досыңа, келер басыңа.
***
Көзіне қарама, сөзіне қара.
***
Кең болсаң кем болмайсың.
***
Бастан құлақ садаға.
***
Ақылдының алдымен жүр,
Ақымақтың артымен жүр.
***
Түсі игіден түңілме.
***
Дос жылата айтар,
Дұшпан күлдіре айтар.
***
Арлы арына қараса,
Арсыз жеңдім дейді.
***
Жамандық жақын, жақсылық алыс.
***
Жамандықты көп қусаң,
Құтылмас пәле жолығар,
Жақсылықты көп қусаң,
Бақ-әулетің молығар.
***
Жақсылық ағаш басында,
Жамандық аяқ астында.
***
Жас-жастың тілегі бір,
Жібектің түйіні бір.
***
Қолы жетпеген кәріп.
***
Досыңнан түйе сұрасаң,
Ұялғанынан бие берер.
***
Теңін тапса, тегін бер.
***
Әсіре қызыл тез оңар.
***
Тентек шоқпар жинар.
***
Бет көрсе, жүз ұялады.
***
«Сіз» деген әдеп,
«Біз» деген көмек.
***
Айтпаса жүректен кетеді,
Тартпаса білектен кетеді.
***
Сыйласаң, сый көрерсің.
***
Ашу арындайды,
Ақыл соңынан аяңдайды.
***
Ашу тұрған жерде, ақыл тұрмас.
***
Құтырғаннан көз ақы алады.
***
Аурудан әдет жаман.
***
Ақылдан ашу көп болса, ақыл кетер,
Ашудан ақыл көп болса, ашу не етер.
***
Судың түбін шым бекітер,
Даудың түбін қыз бекітер.
***
Ит дегенге ашуланып,
Күшік десең күледі.
***
Көкірек байғұс текірек қағар.
***
Жығылған күреске тоймас.
***
Бетің қисық болса, айнаға өкпелеме.
***
Мал шөпке, адам сөзге тоқтайды.
***
Өлі бураның басымен,
Тірі атанды қорқытады.
***
Бүлінген елден бүлдіргі алма.
***
Дария жанынан құдық қазба.
***
Бермес астан дәметпе.
***
Асы бар аяқтан аттама.