Қазақстандық велоспортшы Александр Винокуров Олимпиададағы жеңісіне себеп болған велосипедін аукционға қоятындығын айтты. Бұл туралы Экспресс К газеті хабарлады.
"Велосипедімді Астанаға әкеліп аукционға түсіремін. Жанкүйерлерімді бұл қадамым қуантады деп ойлаймын. Сатылымнан түскен қаржыны жетім балаларға садақа ретінде жұмсаймын", - деді Александр журналистерге берген сұхбатында.
Естеріңізге сала кетелік, Александр Винокуров Лондон - 2012 Олимпиада ойындарында топтық бәсекеде топ жарып, Қазақстан құрамасының қоржынына алғашқы алтынды салып берген болатын. Велошабандоз 248 шақырым қашықтықты 5 сағат 45 минут 57 секундта жүріп өтіп, үздік атанған еді. Одан соң, Винокуровтың велоспорттан кететіндігі хабарланған болатын.
"Мен бұл шешімді Олимпиада басталмай жатып қабылдап қойдым. Енді менің арманым жоқ. Спортта армандауға болатын барлық биіктерді бағындырдым. Еңбегім жанды. Енді осымен велоспорттағы қызметімді аяқтаймын", - деді Винокуров.
writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/xYtMCpc5ZOM","width":"450","height":"256"});
Лондон Олимпиадасы. Винокуровқа медаль табыстау кезі.
Айта кетейік, Александр 2006 жылы Испанияда өткен "Вуэльта" көпкүндігінде алтын медальға ие болса, 2000 жылы өткен Сидней Олимпиадасында күміс медальға қол жеткізді. 2007 жылы спортшыны допинг қолданды деген айыппен екі жылға спорттан шеттетті. "Тур де Франс-2011" бәйгесінде шабандозды қырсық шалып, жамбас сүйегі сынып, ауруханадан бір шыққан еді.
Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан
сурет: minber.kz