Сүйінші! Алтын қыз - Светлана жарады!

75 келі салмақта өнер көрсететін зілтемірші қызымыз Светлана Подобедова Олимпиада чемпионы атанды!

26 жасар спортшы қызымыз жұлқа көтеруде 130 келі салмақты бағындырса, ресейлік Надежда Заболотная бір келіге артық көтеріп, қазақ спортшысын артына тастап кеткен болатын. 

Серпе көтеруде ресейлік Надежда Заболотная 147 келіні місе тұтып тұрғанда, біздің қыз 150 келіге тапсырыс беріп сәтті орындады.

Ресейлік қыз екінші мүмкіндігін мүлт жібермеді - 155 келі. Бірақ, Светлана 156 келіні серпе тастап, қайта алға шықты.

Ең қызығы, шешуші кезеңде орын алды. Үшінші мүмкіндікте ресейлік қыз 160 келіні көтере салды. Есесіне Светлана Подобедова 161 келіге тапсырыс беріп, бар қазақтың мерейін бір көтеріп тастады. Олимпиада чемпионы!!!

Айта кетсек, Лондон Олимпиадасының қола жүлдесі беларус қызы Ирина Кулешаға бұйырды (121+148). 

Сурет:eurosport.ru

Дайындаған: Фараби Бақыт