Cу добынан Қазақстан ерлер құрамасы Олимпиада ойындары барысында тағы да жеңілді. Бұл жолы біздің жігіттер жуырда ғана Алматыда өткен Әлемдік біріншілікте топ жарған Хорватия құрамасына есе жіберді.
«Шақпақ жейделілер» яғни, Хорватия құрамасы кездесуді өте ширақ бастап, бірінші кезеңнің өзінде біздің қақпаның төрт мәрте осал тұсын тапты. Екінші сегіз минуттықта Қазақстан құрамасы қарсыластарына біршама қарсылық көрсетіп, 1:1 есебімен аяқтады. Дегенмен үзілістен кейін хорват жігіттері өздерінің тәжірибе жағынан бір бас жоғары екенігін дәлелдеп 3:1 есебімен өз пайдаларына шешті. Жалпы есеп 4:12 Хорватия құрамасының пайдасына.
Бұл Қазақстан су добы шеберлерінің Лондон төріндегі бесінші жеңілісі болатын. Айта кетсек, ертеректе біздің жігіттер испандардан – 6:14, австралиялықтардан – 4:7, гректерден – 4:11, итальяндықтардан – 6:9 есебімен жеңілген болатын.
Сурет: vesti.kz
Дайындаған: Ғани Тұрғынбеков