Қазақстандық былғары қолғап шебері Серік Сәпиев қадамын нық басып, жартылай финалға өтті.
Лондон Олимпиадасында бокстан 69 келі салмақ дәрежесі бойынша ширек финалдық кездесуде қазақ боксшысы Серік Сәпиев венесуэлалық Габриэль Маэстре Перезбен қолғап түйістірді. Бұл жекпе-жекте Сәпиев толықтай басымдық танытып, 20:9 есебімен қарсыласын ойсырата жеңді.
Отандық боксшымыз кездесудің алғашқы минуттарынан ойын тізгінін өз қолына алып, бірінші раундта 25 жастағы венесуэлалық боксышыны 6:2 есебімен жеңді.
Жекпе-жектің екінші раундында Габриель Перез ашық шабуылға шығып, ойын барысын өз пайдасына өзгертуге тырысқанымен 28 жастағы отандасымыз қарсыласқа дес бермеді. 5:5...
Соңғы үш минуттықта біздің боксшы өзінің мүмкіндіктерін мүлт жібермей, қарсыласын соққының астына қалдырды. Үшінші раунд 9:2. Нәтижесінде 25 венесуэлалық боксшы екі дүркін әлем чемпионы - Серік Сәпиевтен 20:9 есебімен оңбай жеңілді.
Габриэль Маэстре Перез
Енді, жартылай финалдық кездесуде отандасымыз ресейлік Замковой Андреймен күш сынасатын болады.
Дайындаған: Ғани Тұрғынбеков
Сурет: nurastana.kz