Сәпиев пен Рыпакова Қазақстан әскерінің капитандары атанды

Сәпиев пен Рыпакова Қазақстан әскерінің капитандары атанды

Серік Сәпиев пен Ольга Рыпакова мерзімінен бұрын Қазақстан әскерінің капитандары атанды. Бұл туралы Massaget.kz тілшісі Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлады.

Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков салтанатты жиында Олимпиада чемпиондары Серік Сәпиев пен Ольга Рыпаковаға капитандық погондар табыс етті. Сонымен қатар барлық әскерилерге мерекелік медальдар мен естелік сыйлықтар сыйланды.

ыв

Қорғаныс министрі Серік Сәпиевке капитандық погондар табыс етуде

в

Қорғаныс министрі Ольга Рыпаковаға капитандық погондар табыс етуде

"Сіздер жеңіске деген ұмтылыстарыңызды анық байқатып, шыдамдылық, сенімділік көрсеттіңіздер. Қазақстанның қарулы күштері және бүкіл ел сіздермен мақтанатын болады. Әлемдік аренада үлкен сәттіліктер тілеймін", - деді министр.

Айта кетелік, Олимпиадада 10 спорт түрінен ұзын саны 27 әскер қатарындағы жауынгер өнер көрсетті. Еліміздің қарулы күштерінің өкілдері ойындарға қатысқан спортшылардың 1/5 бөлігін құрады. Байрақты бәсекенің нәтижесі бойынша, Қазақстан 204 елдің арасында суырылып шығып, 12-орынға табан тіреді. Спортшыларымыз ұзын саны 7 алтын, 1 күміс, 5 қола медальді қанжығасына байлаған болатын.

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

сурет: Ермек Сарбасов