Ресейлік жеңіл атлетші Татьяна Чернова Олимпиада ойындарында күміс жүлденің орнына қола медаль ғана алды. Оған себеп, дүбірлі додаға қатысқа неміс спортшысы Лилли Шварцкопфтың жарыс барысында жеткен көрсеткіші қайта қалпына келтірілді.
Осы күні болған жеті сайыстың соңғы межесінде спортшылар 800 метрге жүгірген болатын. Және аталған жарыста неміс қызының көрсеткен көрсеткіші бастапқыда есепке алынбай тасталған еді. Алайда, неміс жеңіл атлетшісі мәре сызығын кесіп болған соң төрешілерге ауызша шағым айтқан-ды.
Нәтижесінде 6649 ұпай жинаған Лилли Шварцкопф күміс жүлдені иеленіп отыр. Ал 6628 ұпай жинаған ресейлік спортшыға қола жүлде ғана бұйырды. Айта кететін болсақ, жеті сайыстың жеңімпазы болып британдық (6955 ұпай) Джессика Эннис танылды.
Еске салатыны, Чернова - жеті сайыстан қазіргі әлем чемпионы. Ол 2011 жылы Джессика Эннисті екінші орынға қалдырып кеткен-ді. Және 2008 жылы өткен Олимпиада ойындарының қола жүлдесін алған.
Естеріңізге салсақ, отандық спортшымыз Ирина Карпова жеті сайыстың қорытындысы бойынша 32-орынға ғана қол жеткізді.
Сурет:baiolke.com
Дайындаған: Фараби Бақыт