- Негізгі бет
- Лондон-2012
- Оңтүстік Корея құрамасы...
Оңтүстік Корея құрамасы - Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері
Футболдан ерлер арасында өткен ойында Оңтүстік Корея құрамасы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері атанды.
Олимпиада ойындарының тарихында бірінші рет Азияның қос мықтысы кездесті. Осының өзі-ақ ойынның тартысты боларын күні бұрын хабарлап тұрғандай еді. "Миллениум" атты тамаша стадионда өткен ойын миллиондаған көрермендердің көңілінен шықты десек артық айтқандық емес. Дәл мұндай керемет сезімді Еуропа чемпионатының финалынан да сезіне алмаған жанкүйерлер ойын біткенше тамаша тартыстың куәсі болды. Сәт сайын алма-кезек ұйымдастырылған өткір шабуылдар мен футболшылардың гол соғуға деген құштарлығы өз кезегінде ойын көркін арттыра түсті. Бәрін айт та бірін айт, бас жару мен көз шыққан ойында ең алғаш болып есепті Пак Чу Ен ашты. Ойын ортасында басы жарылып, жейдесі қызыл қаннан көрінбей қалған "Арсеналдың" ойыншысы үш бірдей ойыншыны алдап барып, он бес метр жерден қақпа торына допты дәл бағыттай салды.
Екінші ойын бөлігінде Ку Джа Чхоль соққан гол жапондықтардың еңсесін түпкілікті түсіріп тастады. Алайда, "Күншығыс елінің" өкілдері қарап қалмады: тәртіп те бұзды, төрешімен ерегісті, қарсы қақпаны торуылдады...
Сонымен не керек, шын мықты жеңіске жетеді дегендей, Оңтүстік Корея құрамасы Жапонияны тізе бүктіріп, елдеріне қола жүлдемен қайтатын болды. Ал жапондықтар көршіге бұйырған бақты талайға дейін айтып жүрсе керек...
Жазғы Олимпиада ойындары - 2012.
Футбол. Ерлер. Үшінші орынға талас.
Оңтүстік Корея - Жапония - 2:0 (1:0)
Голдар: Пак Чу Ен 38, (1:0); Ку Джа Чхоль, 57 (2:0).
Ескертулер: Ки Со Ен 23, Ох Дже Сук 26, Ку Джа Чхоль 35, Такахиро Огихара 43, Юцу Оки 70, Кенью Сугимото 88, Ким Бок Джон 90
Төреші: Равшан Ирматов (Өзбекстан).
10 тамыз. Кардифф. "Милленниум"стадионы.
Сурет:london2012.com
Дайындаған: Фараби Бақыт
Л. Лига