Әлем халықтарының назары ғасырлар үнін бір арнаға тоғыстырып, төрткүл дүниені дүр сілкіндіріп жатқан Лондондағы ХХХ жазғы Олимпиада ойындарында екендігі баршамызға мәлім.
"Олимпиада" деген сөзді естіген сәтте көз алдыңызға нені елестетесіз? Әрине, бір-бірімен айқаса байланысқан түрлі-түсті бес дөңгелекті! Ал сіз дәл осы 100 жылдық тарихы бар олимпиада сақиналарының қашан, қалай пайда болғандығын, кімнің ойлап тапқандығын және қандай мағына беретіндігін ойлап көрдіңіз бе? Ойладыңыз, алайда жауабын таба алмадыңыз!? Ендеше, оқыңыз да, көңіліңізге тоқып алыңыз!
Олимпиада ойындары – әлемнің түкпір-түкпірідегі ең үздік спортшылардың әр түрлі спорт түрінен аламанға түсетін аса ірі байрақты бәсеке. Бүкіл әлем алдында өз елінің туын желбіретіп, әнұранын шарықтату кез келген спортшының арманы десек, Олимпиада ойындары - сол арманды жүзеге асыру үшін таптырмас мүмкіндік екені тағы бар. Олимпиада ойындары – жер жүзіндегі жарыстардың жарысы, төресі болып саналады. Қазіргі кезде күллі адамзат қауымы әлі Олимпиададан артық, Олимпиададан қызығырақ жарыс ойлап тапқан жоқ.
Олимпиада нышаны ретінде: жалаушалар, алаулар және басқа да белгілер алынған. Ал бәсекенің ұраны: Citius, Altius, Fortius болып табылады. Латын тілінен аударғанда: «Шапшаңырақ, биігірек, қаттырақ» дегенді білдіреді.
Сіз көшелерде немесе теледидар жарнамаларында Олимпиада нышаны ретінде жиі көріп жүретін бір-бірімен айқаса байланысқан бес дөңгелек «олимпиада сақиналары» деген атпен танылып келеді. Бұл сақиналар бес түске боялған: көк, сары, қара, жасыл және қызыл.
Бүгінде біз тамашалап жүрген заманауи Олимпиадалық ойындарды алғаш ойлап тапқан Пьер де Кубертен 1912 жылы аталған сақиналарды да танымбелгі ретінде ұсынған екен. Бес дөңгелек дүниенің бес бөлігін білдіреді: Америка, Еуропа, Азия, Африка және Мұхиттар. Солтүстік және Оңтүстік Америка бір құрлық ретінде қаралса, Антрактида ол кезеңде назарда болмаған көрінеді.
Олимпиадалық бес сақина 1914 жылы заңды түрде қабылданып, 1920 жылы Бельгиядағы Олимпиадада сынға түсті.
Халықаралық Олимпиада Комитетінің ұйғарымы бойынша, Олимпиада сақиналарының мағынасы: бес құрлықты да бәсекеге қатысуға, атсалысуға және бейбітшілікке шақыру, сонымен қатар, бес құрлықтың да спортшыларына өз бақтарын сынауға мүмкіндік берілетіндігін білдіру екен. Бүгінде аталған нышанды қолдануға қатысты қатаң кодекс қабылданған. Мәселен, ол кодекс бойынша олимпиада сақиналары қара түсті фонда бейнеленсе де, сақинананың қара түсін өзгертуге тыйым салынған.
Суреттер: yousmi.by,sport-rec.ru,blogs.telegraph.co.uk,blog.communicaid.com
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева