- Негізгі бет
- Лондон-2012
- Олимпиада чемпионы әжесінің...
Олимпиада чемпионы әжесінің көз жұмғанын тоғыз жыл бойы білмей келген
XXX жазғы Олимпиада ойындарында қытайлық Ву Минься суға секіруден чемпион атанды.
Еншісінде екі дүркін Олимпиада чемпионы, аз десеңіз, алты дүркін әлем жеңімпазы деген жетістіктері бар. Бірақ... Лондонда алтыннан алқа тағынып, жеңіс тұғырына көтерілген сәттен кейін ғана туған әжесінің дүниеден тоғыз жыл бұрын озып кеткенін, ал шешесінің сегіз жылдан бері ауыр індетке шалдыққанын бірақ білді.
Спорттық тұрғыдан алғанда дұрыс та шығар. Әжесі мен шешесінің ахуалы оның жеңіс тұғырына көтерілуіне қиындық келтіруі де мүмкін еді ғой. Ол болмаса, Ву Минься қазіргідей атағы жер жармаса да, жақын жандарына қолғабыс еткен қарапайым қыз болып қана жүрер ме еді, кім білсін...
Өмірлік тұрғыдан қарап көрелік. Шешесі Ву Цзюэмин Миньсяны бала күнінен бастап спорт интернатына оқуға береді. Шеше мен қыз болып бірде-бір рет әңгімелеспеген. Бар болғаны, интернет желісінде хабар алысып, жағдай білісіп қана тұрған екен. Оның өзінде де анасы қыз көңілін түсірмеу үшін тек жағымды жаңалықтарды айтып келген.
Өрімдей ғана қыздың тағдырымен ойнау өзімшілдік емес пе? Әу бастан-ақ қоғамның солай құрылғанын тілге тиек етіп, шыр-пыры шыққан ата-ананың жалған ойы кімге керек немесе кімге дәру? Әрине, спорт жолында тер төгіп жүрген адам болса, белгілі бір мөлшерде спортқа да құрбандық керек екенін бағамдайды. Алайда, туған әжесінің дүниеден озғанын, ал өзінің сегіз жыл бойына ісік ауруына ұшырағандығын жасырып келу қиянат емес пе? Балаға жасалған қиянат қой?
Өмірдің өзін спорт десек қателеспейтін шығармыз, ал спортты өмір деуге батылдық керек сияқты... Сіз қалай ойлайсыз?
Сурет:eurosport.ru
Дайындаған: Фараби Бақыт
Л. Лига