Times of India ақпараты бойынша Олимпиаданың ашылу салтанаты кезінде Үндістандық делегацияны қызылдағы белгісіз әйел алып жүрген.
Үндістандықтар тікелей эфирде Лондондағы ХХХ Олимпиада ашылу салтанатын тамашалау кезінде үндістандық Олимпиада құрамасының ту көтерушісі палуаншы Сушил Кумардың жанында қызылдағы белгісіз әйелді көріп, аң-таң болған. Үнді еркек спортшыларының үстінде сары тюрбан, көк күртеше және ақ шалбар болса, әйелдер сары сариге оранған болатын, ал белгісіз әйел қызыл кофта, джинспен киінген.
Белгісіз ару құраманың стадионға шығар кезінде қосылғаны анықталған. Спортшылар әйелді ұйымдастырушылар қатарынан шығар деп ойлап қалған екен, алайда шығар кезде сапқа тұрып, бірге жүріп отырған. Белгісіз ару жымиып, трибунаға қол бұлғап жүре берген.
«Үндістанның Олимпиада құрамасын бар-жоғы 10 секунд көрсетті, ал барлық камера командаға еш қатысы жоқ сол қызылдағы әйелге бағытталды» - деді құрама басшылығының өкілі Муралидхаран Раджа наразылығын білдіріп. Егер бөтен адамдар стадионға осылай оңай өтіп, құрамаға еніп кете алатын болса, бұл спортшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ережелерінің дұрыс сақталмағандығы деп есептейді үндістандық олимпиадашылар.
«Біз ұйымдастырушыларға осы сауалды қойып отырмыз. Оның кім екенін, және неге кіргізгенін білмейміз», - деді Раджа. Ал осы уақытта, белгісіз әйелдің кім екені анықталды, ол үндістандық Бангалор қаласында оқыған, бірнеше жыл Лондонда тұрып жатқан Мадхура Хони (Madhura Honey) есімді ару. Оны достары танып қойып, тілшілерге хабарлаған екен. Алайда стадионға қалай кіргені әлі анықталу үстінде.
Сурет: REUTERS. Max Rossi
Дайындаған: Анар Мұстафина