Қазақстандық спортшы қызымыз Марина Аитова Лондонда өтіп жатқан Олимпиада ойындарының іріктеу кезеңінде өнер көрсете алмады. 29 жастағы алматылық қыздың аяғының сіңір еті тартылып қалыпты. Бұл туралы Хабар агенттігі хабарлап отыр.
"Марина жарысты тастап шықты. Мен Дмитрий Карповтың көрсетілімдерін бақылап жүргендіктен онымен тікелей сөйлесе алмадым. Маған жеткен хабар бойынша Маринаның аяғының сіңірі тартылып, ауыртып алыпты" - деп жеңіл атлетикадан Қазақстан құрамасының бас бапкері Вячеслав Сокирко Лондоннан телефон арқылы тілдесіпті.
Айта кетсек, Марина Аитова ашық алаңда биіктікке секіруден Азияның рекордсмені саналады. Көрсеткіш - 1,99 метр. Отандық спортшымыз 2004 жылы Афинада өткен Олимпиада ойындарына қатысып, финалға шыға алмай қалған болатын.
Сурет:london2012.com
Дайындаған: Ғани Тұрғынбек