- Негізгі бет
- Лондон-2012
- Лондондағы Олимпиадаға екі...
Лондондағы Олимпиадаға екі қабат әйел қатысады
Лондонда өтетін Олимпиадалық ойындарда екі қабат әйел бағын сынайтын болады. Бұл туралы CNN хабарлады.
Малайзиялық Нур Суряни Мохамед Таиби Олимпиадалық ойындарда ел намысын оқ атудан қорғамақ. Бәсекенің басталар тұсында Сурянидің баласы 8 айға толады екен. Бір қызығы спортшы өзінің бұл халін тек спорттық медкомиссиядан өткеннен кейін ғана біліпті.
Спортшының өзі: "Олимпиадалық ойындарға қатысу кез келген спортшының арманы. Сондықтан мен ештеңеге қарамастан осы байрақты бәсекеде бағымды сынап көруге ниеттеніп отырмын. Әрине, бұл мен үшін оңайға соқпайды. Дегенмен мен дайындық жұмыстарына барымды салатын боламын", - деді.
Нур Суряни жұбайымен бірге
Нур Суряни Мохамед Таиби Лондондағы ойындарға Малайзияның атынан қатысқалы отырған жалғыз спортшы. Оқ ату спорты үлкен физикалық ауыртпашылықтарды қажет етпейтіндігінің себебінен ғана мерген қыз Олимпиадаға қатысу туралы лицензияға ие бола алған. Әйтсе де дәрігерлер оның моралдьдік, психологиялық тұрғыдан қиналуы мүмкін екендігін айтуда.
Сурянидің жұбайы Мархазли Мотар осы орайда әйелінің бұл жарысқа қатысуына қарсы еместігін айтты. Нур Сурянидің бұл ісі Олимпиада тарихында алғаш оқиға еместігін де айтып өтелік. Бұған дейін, 1920 жылы швециялық спортшы Магда Юлин 4 айлық баласымен аталған бәсекеде бағын сынаған болатын.
Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан
сурет: ©REUTERS