ҚазҰУ-дың спортшы-студенттері Лондон Олимпиадасына қатысады

Лондонда өтетін олимпиада ойындарында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері өнер көрсетеді. Бұл туралы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі хабарлады.

Бүгінгі таңда ҚазҰУ-дың 11 студенті олимпиадаға жолдама алған. Оның ішінде ауыр атлетикадан екі дүркін әлем чемпионы Светлана Подобедова, жеңіл атлетиктер Айман мен Шолпан Қожахметова, Виктор Лептиков, Анастасия Пилипенко, Никита Филиппов, Георгий Шейко мен ватерполшы Алексей Шмидер, семсершілер Юлия Живица мен Эльмир Әлімжанов, сонымен қатар дзюдошы Гүлжан Исанова.

Дүбірлі доданың алдында ҚазҰУ-дың ректоры, академик, КСРО-ның дзюдо күресінен спорт шебері, ҚР спортының еңбек сіңірген қайраткері, шығыс жекпе-жегі ассоциациясының вице-президенті Ғалым Мұтанов Қазақстан құрамасының мүшелерімен кездесу өткізді. "Біздің мақтанғымыз келетіні, сіздердің білімде ғана жоғары көрсеткіш көрсетіп қана қоймай, спортта да ең үздік саналып жүргендеріңіз. Қазақ халқының салт-дәстүрі бойынша ұзақ жолға шығарда сәт-сапар, ақ жол тілейді" - деп ректор айта кетті. 

Қоса кетер болсақ, жыл сайын ҚазҰУ студенттері республикалық және мемлекетаралық жарыстарға, турнирлерге, спартакиадаларга қатысып келеді. 

Естеріңізге салсақ, отызыншы рет болғалы отырған Лондондағы олимпиада ойындары 27 шілде мен 12 тамыз аралығында өтеді. Лондон олимпиада ойындарын үш рет өткізген тарихта бірінші қала атанғалы отыр (1908 және 1948 жылдары). Олимпиада ойындарына біздің елден 116 спортшы қатысады. 

Сурет: tengrinews.kz

Дайындаған:Фараби Бақыт