Қазақстандықтарға жанкүйерлер шоуы көрсетіледі

Қазақстандықтар Олимпиаданың жабылу күні телеэфирден "Алға, Қазақстан!" жанкүйерлер шоуын көре алатын болды. Бұл туралы Massaget.kz тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасай отырып хабарлады.

Телевизиялық бағдарлама қазақстандық шоу-бизнес өкілдері мен Олимпиада чемпиондарының қатысуымен түсірілді. Жанкүйерлер байрақты бәйгеде алтын медальға ие болып, елді қуантқан Светлана Подобедова, Майя Манеза, Зульфия Чиншанло мен  грек-рим күресінен қола жүлде иегері Даниял Гаджиевты және ауыр атлетикадан жаттықтырушылар Алексей Ни мен Виктор Ниді көруге келген екен. Шоуға, сонымен қатар, бұрынғы Олимпиада ойындарының чемпиондары Бақтияр Артаев, жеңіл атлет Ольга Шишигина мен палуан Ислам Байрамуков та қатысты.

Бағдарлама үстінде қазіргі кезде Ниццада тұрып жатқан велошабандоз Александр Винокуровпен байланыс орнатылды. Лондондағы Олимпиадада елімізге алғашқы алтын сыйлаған чемпион бүкіл қазақстандықтарға көрсеткен қолдауы үшін алғыс білдірді.

Жиында Мақпал Исабекова, Нұрлан Абдуллин, Бейбіт Қорған, "Асыл" тобы өнер көрсетіп, жиылған жұрттың көңілін көтерді. Эфирді Айгүл Мукей, Арман Дүйсенов және Сергей Райлян жүргізді. Сөз болып отырған "Алға, Қазақстан!" бағдарламасын "Хабар" арнасынан 12 тамыз күні Астана уақытымен 21.30-да көре аласыздар.

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

сурет: Ғизат Маханов