Қазақстандық паралимпиадашылардың қатысуымен өтетін жарыс күндері

"Қазақстан" ұлттық телеарнасының сайтында Лондонда өнер көрсететін қазақстандық паралимпиадашылардың графигі жарияланды. Естеріңізге сала кетсек, біздің спортшылар Ұлыбритания астанасына 22 тамыз күні жол жүреді. Лондонда өтетін паралимпиада ойындарында Қазақстанның намысын жеті спортшы үш спорт түрінен қорғайды. Олар: пауэрлифтинг, жеңіл атлетика, жүзу.

31 тамыз (12.00-13.10). Пауэрлифтингтен 44 келі салмақта ақтық сын өтеді. Осы спорт түрінен біздің Асқарова Кабира да жүлде иеленуге барын салады (Қызылорда облысы).

1 қыркүйек (10.00-13.35). Ұзындыққа секіру жарыстарының финалы. Аталған спорт түрінен Қызылорда өлкесінің тумасы Салимов Ислам өнер көрсетеді. Дәл осы күні сағат 18.00-19.30 пауэрлифтингтен 60 келі салмақ дәрежесінде қазақстандық Абжан Айбектің (Қызылорда облысы) қатысуымен финалдық ойын өтеді. 

2 қыркүйек (17.30-20.55). Қазақстандық жүзгіш Әнуар Ахметов (Жамбыл облысы) 100 метрге баттерфляй әдісімен жүзуде жүлделі орындарға таласады. 

5 қыркүйек (10.00-13.40) Ұзындыққа секіруден финалдық кезең өтеді. Қазақстан атынан Сергей Харламов (Солтүстік Қазақстан облысы) шығады. Сонымен қатар, осы күні 17.30-21.10 аралығында Әнуар Ахметов 100 метр қашықтыққа шалқайлай жүзуде ақтық сында күш сынасады. 

6 қыркүйек (09.30-11.50). Ғабидуллина Зүлфия (Жамбыл облысы) 50 метрге шалқалай жүзуден іріктеу кезеңінде өнер көрсетеді. 

7 қыркүйек (09.30-12.05) 50 метрге еркін жүзу бағдарламасы (іріктеу сыны). Ал 09.30-12.05 аралығында ақтық сын. Әнуар Ахметов.

8 қыркүйек күні (09.30-12.15) Әнуар Ахметов 100 метрге брасс әдісімен жүзуде іріктеу сындарына қатысса, финалдық кезең 17.30-21.10 аралығында болады. Жарыс күнінің дәл осы күні (19.00-22.45) сондай-ақ, біздің жеңіл атлетшіміз Байділдаева Айнұр (Алматы облысы) 100 метрге жүгіреді. 

Айта кетсек, Паралимпиада ойындарынан алтын иеленген қазақстандық спортшыларға 50 мың доллар сыйақы берілетін болды. Екінші орынға 35 мың, үшінші орын иеленген жұптарға 25 мың доллар сыйақы берілмек. Сонымен қатар төртінші, бесінші, алтыншы орын иеленгендер де 14 мың доллар көлемінде ынталандыру алады. Бұл туралы ҚР Спорт және дене шынықтыру істері жөніндегі агенттігі хабарлаған болатын. 

Естеріңізге сала кетсек, жазғы Паралимпиада ойындары 2012 жылдың 29 тамыз - 9 қыркүйек аралығында өтеді. Жарысқа жалпы 4,2 мың спортшы қатысады. 

Дайындаған: Ғани Тұрғынбеков

Сурет: news.vse42.ru