Қазақстандық жаттықтырушы Олимпиадада жарамсыз формамен жүрді

Қазақстандық жаттықтырушы Олимпиадада жарамсыз формамен жүрді

Қазақстанның ауыр атлетика құрамасының аға жаттықтырушысы Виктор Ни сайыс кезінде жарамсыз формамен көрінді. Бұл туралы штаттағы ұлттық командалар мен спорттық резерв дирекциясының баспасөз хатшысы Ардақ Тоғымов мәлім етті.

53 кг дейінгі салмақта өнер көрсетіп, алтын медальға ие болған Зульфия Чиншанлоны марапаттау кезінде кадрға құрамамыздың аға жаттықтырушысы Владимир Ни түсті. Оның үстіндегі формада KAZAKHSTAN деген сөздің орнына KZAKHSTAN деген жазу жазылғандығы байқалды.

"Олимпиада қарсаңында біз Талдықорған маңында дайындыққа жиналып, дайындық жұмыстарын жүргізген болатынбыз. Кейбір формалардағы қателіктерді сол кезде-ақ байқаған едік. Жарамыз киімдерді бірден қоймаға асырған болатынбыз. Қырсыққанда қымырына іридінің кебі келіп, дәл сол уақытта қойма меңгерушісі ауысып жатқан еді. Кейін ол білместікпен осы жарамсыз формаларды таратып жіберген. Жазудағы қателікті байқаған спортшылыр киімдерін сол сәтте ауыстырып алды. Шамасы Виктор Ни киімге аса мән бермегендігінің себебінен бұл олқылықты байқамай қалған болуы керек", - деді Тоғымов Vesti.kz тілшілеріне берген сұхбатында.

Айта кетелік, бұған дейін мәжіліс депутаты Азат Перуашев Қазақстанның мемлекеттік хатшысы Мұхтар Құл-Мұхамедке мемлекеттік рәміздер аясындағы олқылықтарды түзету туралы хат жолдаған болатын.

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

сурет: AFP©