Қазақстан қытайлықтардың айыбын негізсіз деп санайды

Қазақстан қытайлықтардың айыбын негізсіз деп санайды

Зульфия Чиншанлоның жеңісінен кейін Қытай баспасөздері спортшының Қытайдың тумасы екендігін жарыса жазып, азан-қазан болып жатты. CNN агенттігі "аспан асты" елінің сайттарына сілтеме жасай отырып, 19 жасар Зульфия Қазақстанға жалға берілген Дзао Чанлинг (Zhao Changling) атты спортшы деген ақпарт таратқан еді. Сонымен қатар Weibo сайтының (Twitter-дің қытайлық аналогы) қолданушылары спортшыларды сыртқа шығаруға жол берген шенеуніктерді орнынан босатуды талап етіп жатты.

Осы орайда Қазақстан тарапы бұл әңгімелерді негізсіз деп есептейтіндіктерін айтып, пікір білдірді. Штаттағы ұлттық командалар мен спорттық резерв дирекциясының жетекшісінің қызметін атқарушы Алексей Крючков: "Не жазып, не айтса да өздері білсін. Олар Зульфияны тәрбиелеп, жаттықтырды ма екен? Бұл әңгімелер қызғаныштан басқа ештеңе де емес. Біздің жеңістерімізге наразылық білдіріп жатқандар көп. Соның ішінде біздің қарсыластарымыз да бар. Оның үстіне спортшымыз белгілі бір кезеңде Қытайда өмір сүрген болса, әлбетте, мұндай гу-гу әңгімелер тоқтамайды. Зульфияны тәрбиелеп, жаттықтыруға оларға кім кедергі болды? Оп-оңай жіберді. Енді алты жыл өтіп, спортшы биік шыңдарды бағындыра бастағанда өсек-аяңдарын бастап отыр. Олай болса, оны елдерінен неге жіберді?

Сондықтан қытайлық журналистердің айтып жүргендерін негізсіз айыптау деп есептейміз. Егер біз бұл спортшыларды кеше ғана сатып алып, Қазақстан атынан шығарсақ, түсінер едім. Біз бұл жеңіске ұзақ жол жүріп келдік. Бір Олимпиадалық циклді өткіздік. Және спортшылар осы жылдар бойы ұлттық құрамамыздың қатарында болды", - деді.

Жеңістен кейінгі сұхбат

Естеріңізге сала кетелік, 53 кг-ға дейінгі салмақта өнер көрсеткен Чиншанло Лондондағы Олимпиадада елімізге екінші алтын медальді алып берген болатын. Ауыр атлет жұлқа көтеруде 95 кг-ды бағындырса, серпе көтеруде 131 кг-ды ауыздықтап, әлемдік рекорд орнатқан болатын.

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

сурет: diapazon.kz