Орта салмақтағы WBA нұсқасынан әлем чемпионы Геннадий Головкин Лондондағы Олимпиададан алтын медаль алған Серік Сәпиевті жеңісімен құттықтады. Бұл туралы Massaget.kz тілшісі Boxingnews24.com-ға сілтеме жасай отырып хабарлады.
Калифорниядағы жаттығу лагерінде жүрген Головкин Қазақстан құрамасының бокстарын ерекше қызығушылықпен тамашалағанын айтты. Айта кетелік, қазақстандық боксшылар Олимпиадада бір алтын, бір күміс, екі қола медальға ие болған еді.
"Қазіргі кезең олар үшін өте ерекше уақыт. Болашақта жерлестерімнің бокстағы өмірін қарапайым көрермен ретінде де, кәсіби маман ретінде де бақылап отырамын", - деді Головкин. Боксшы, сонымен қатар, қазір поляк Гжегож Проксамен болатын шайқасқа дайындалып жатқанын айтты. WBA рейтингісіндегі 3-орынға иелік ететін спортшыны айқандайтын бәсеке 1 қыркүйек күні Нью-Йорк қаласында өтеді.
Естеріңізге сала кетелік, Лондондағы Олимпиадада алтын медаль 69 кг-ға дейінгі салмақта бағын сынаған Серік Сәпиевке, күміс медаль Әділбек Ниязымбетовке, екі қола медаль Марина Вольнова мен Иван Дычкоға бұйырған болатын.
Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан
сурет: boxnews.com.ua