- Негізгі бет
- Лондон-2012
- Естен кетпес Олимпиада...
Естен кетпес Олимпиада
Лондон олимпиадасы да тарих қойнауына кетті. Енді тағатсыздана Бразилияда өтетін келесі Олимп ойындарын күтетін боламыз. Жалпы, «Тұманды альбионда» біздің жадымызда мәңгі сақталатын қуаныштар мен өзегімізді өртеген өкініштер де болды.
Лондон Олимпиадасына жалпы есебі 204 мемлекет қатысты. Соның ішінде 79 мемлекет жүлдеге ілікті. Жеті мемлекет, атап айтар болсақ, Кувейт, Тәжікстан, Морокко, Гонконг, Ауғанстан, Бахрейн және Сауд Арабиясы Лондон Олимпиадасынан тек қана бір қола медаль еншілеген. Ал көршіміз Қырғызстан Олимпиада ойындарынан құр алақан қайтып, жалқы қола жүлдеге де қол жеткізе алмады.
54 мемлекетке Лондон Олимпиадасының алтын жүлдесі бұйырған. Оның ішінде 19 ел Тұманды Альбионнан бір-бір алтыннан жеңіп алыпты. Ал найза лақтырудан чемпион атанған Кешорн Уолкотт Тринидад мен Тобаго елінің тарихында тұңғыш рет Олимпиада алтынын сыйлады.
Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте 12-орынға табан тіреді. Бұл – егемендік алғалы бері қатысқан төрт Олимпиада ойындарын тәуір көрсеткіш. Естеріңізге сала кетсек, Атланта Олимпиадасында Қазақстан 24-інші, Сидней Олимпиадасында 22-інші, Афина Олимпиадасында 40-ыншы, Бейжің Олимпиадасында 29-ыншы орында жайғасқан болатынбыз. Бұл – алтын саны бойынша көрсеткіш. Ал жалпы есепте 13 жүлде жинаған Қазақстан Жаңа Зеландия және Белоруссия спортшыларымен бірге жалпы медальдар көрсеткіші бойынша 15-орында тұр.
Қазақстан құрамасы Лондон Олимпиадасында Голландия, Украина, Куба, Чехия, Бразилия, Ямайка сынды спортта алар сыбағасы мол мемлекеттерді артқа тастады. Ал Илья Ильин мен Ольга Рыпакова алтын медаль алған соң азулы Ресей құрамасы да Қазақстаннан бір саты төмен болатын.
Қазақстан Лондон Олимпиадасына спорттың 25 түрінен 116 спортшысын қатыстырды. Сол 25 спорт түрінің бесеуінен ғана біз жүлде жалына жармаса алдық.
Тұманды Альбион төрінде жаңартқан рекордтарымызды санайтын болсақ, көш басында тұрған Қазақстанның спортшысы – Илья Ильин. Бір өзі бес рет рекорд жаңартты. Оның екеуі Олимпиада, үшеуі әлем рекордтары. Одан кейінгі орынға орналасқан Ресей ауыр атлеті Наталья Заболотнаяның еншісінде Олимпиаданың төрт рекорды бар. Светлана Подобедова - Лондон төрінде үш мәрте Олимпиада рекордына түзету енгізген аруымыз Қытай, Италия және Голландия спортшыларымен бірге үздік үштікті бөлісіп тұр. Сондай-ақ, әлемдік және олимпиадалық рекордқа түзету енгізген тағы екі саңлағымыз бар. Олар – Зүлфия Чиншанло мен Майя Манеза.
Осы толағайларымыздың арқасында рекордтар саны бойынша жалпыкомандалық есепте төрттіктің қатарынан орын алдық. Алдымызда АҚШ, Қытай және Ресей сынды әлемнің алпауыт елдері ғана. Артымызда Ұлыбритания, Австралия, Италия, Оңтүстік Корея елдері тұр. Ал, жалпы, Лондон Олимпиадасында 39 әлемдік, 56 олимпиадалық рекордтарға түзету енгенін ескерсек, соның 11-ін Қазақстан спортшылары жаңартқан екен.
Дайындаған: Ғани Тұрғынбеков
Сурет: tengrinews.kz
Ж. FM