49 келі салмақта өнер көрсететін қазақстандық боксшы Біржан Жақыпов бүгін 1/16 айналымында шаршы алаңға шықты.
28 жастағы Біржан ширек финалға жолдама алу үшін филиппиндік Марк Барригамен қолғап түйістірді. Кездесудің алғашқы раундында қазақстандық былғары қолғап шебері бірден шабуылға шыққанымен, қарсылас та ширақ қимылдап, бірнеше қарымта соққы жасап үлгерді. Бірақ Созақ ауданының тумасы бірінші раундты 5:4 есебімен өз пайдасына шешті.
Үзілістен соң 19 жастағы филиппин боксшысы есеп айыруға тырысты. Нәтижелі шабуылдарының арқасында ол екінші раундта 6:3 есебімен алға шығып, өз дегеніне жетті. Екі раунд қорытындысы 10:8.
Шешуші раундта екі боксшы да барын салды. Тартысты өткен үшінші раундта отандасымыз өзінің шеберлігі арқасында бірнеше дүркін соққы жасап жекпе-жек тағдырын өз пайдасына шешті. Қорытынды есеп 17:16.
Енді әлем чемпионатының қола жүлдегері (2005 ж.) Біржан Жақыпов ширек финалда Куба спортшысын жеңген қытайлық Зю Шимингпен жекпе-жек өткізеді.
Дайындаған: Ғани Тұрғынбеков
Сурет: london2012.com