Әйел адам Лохтеден жылдам! Шындық немесе допинг

Халықаралық суда жүзу спортының бапкерлер қосынының атқарушы директоры Джон Леонард 400 метрде түрлі әдіс бойынша ең үздік нәтиже көрсеткен қытайлық Е Шивэньнің нәтижесіне күмәнмен қарайтынын мәлімдеді.

Сенбі күні Е Шивэнь әлем рекордын жаңартып, Олимпиада чемпионы атанған болатын. Оның соңғы 100 метрдегі көрсеткіші әлемнің қазіргі таңдағы ең үздік жүзгіші Райан Лохтеден асып түсті. Қытай елінің спортшысы соңғы 100 метрді 28,93 уақыт көрсеткішімен басып өтсе, америкалық жігіт бұл қашықтықты 29,10 уақытпен өткен болатын. Осы орайда мамандар мен дүйім жұртты нәзік жанды Е Шивэнь ер азамат Райан Лохтеден жылдамырақ болғаны ма деген сауал мазалап жүр.

Осы жәйтқа байланысты Джон Леонардтың ойын естіп көрелік: «Спортта қашанда тым мықты нәзік жанды спортшының үздік көрсеткіші ақыр-аяғында допингтің (рұқсат етілмеген дәрі-дәрімек) көмегімен болып табылатын. Е Шивэнь тым жылдам. Сондықтан да мен бұл қытайлық спортшы қызға күмәнмен қарайтынымды жасырмаймын» - деп мәлімдеген.

Ал өз кезегінде қытайлық қыз БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында: «Менің бұл көрсеткішім зор жаттығулардың арқасында орын алды. Сондай-ақ, мен ешқандай да қосымша күш беретін дәрі-дәрімектерді қолданғаным жоқ» - деп ағынан жарылды.

Міне, сенсеңіздер де, сенбесеңіздер де қытайлық қыз қазіргі таңда ер адамнан жылдам көрсеткіш көрсетті. Дегенмен дау-дамай әлі толастамауда. Джон Леонард өзінің соңғы сұхбаттарының бірінде: «Біз Е Шивэньді допинг бақылауынан бір емес, бірнеше мәрте өткізетін боламыз. Бірақ қытайлық қыздың қанынан қосымша заттар табылмағанша, ол Олимпиада чемпионы болып қала береді» - деген болатын.

Сурет:eurosport.ru

Дайындаған: Фараби Бақыт