75 келі салмақта өнер көрсететін қазақстандық Марина Вольнова бокстан жартылай финалға шықты.
Ширек финалда британдық Саванна Маршалмен қолғап түйістірген отандасымыз 16:12 есебімен жеңіске жетті.
Кездесу алғашқы минуттардан-ақ тартысты басталды. Алғашқы раундта қарсыластар бір-біріне нәтижелі шабуылдар жасап, тең тарасты. Есеп 4:4. Екінші раундта 23 жастағы отандасымыз бірнеше нәтижелі шабуыл жасағанымен, британдық боксшы да дес бермей қарымта шабуылдар жасап үлгерді. Бұл жолы 3:3. Аздаған үзілістен соң Қызылорда қаласының тумасы Марина Вольнова ойын тізгінін өз алып, үшінші раундты 3:1 есебімен өз пайдасына шешті. Шешуші раундта қазіргі әлем чемпионы - Саванна Маршал есеп айырмасын қысқарутға барынша тырысты. Алайда, біздің Марина қарсыласқа өз басымдығын анық байқатты. Нәтижесінде соңғы екі минуттықты 6:4 есебімен жеңген Марина Вольнова жартылай финалға жолдама алды.
Енді, Марина Вольнова 8 тамыз күні Астана уақытымен сағат 19:30-да Шиелдс Кларессамен шаршы алаңда күш сынасады.
Дайындаған: Ғани Тұрғынбеков
Сурет: london2012.com