Алексей Ни: «Баршаңыздан кешірім сұраймын»

Алексей Ни: «Баршаңыздан кешірім сұраймын»

Алматы әуежайына келген соң, Қазақстан ауыр атлетика спортының бас бапкері Алексей Ни өз орнынан кетпейтіні туралы мәлімдеді.

«Мен орнымнан кететіндігім туралы қоржынымызға төртінші алтын түскен соң айтқан болатынмын. Ол кезде мен шаршаңқы және қобалжулы жағдайда болдым. Кейіннен асықпай ойландым. Маған дүйім жұрт сенім артып отырғанын сезіндім. Сонымен қатар осы төрт алтынды қанжығаға байлау үшін, жоғарыда отырған басшылар барлық жағдайды жасады. Сондықтан мен орнымнан кетпей, халық артқан үмітті одан әрмен ақтауға бел сыбана кірісемін», - деді Алексей Ни Алматы әуежайында болған баспасөз мәслихатында.

Және де бас бапкер орнынан кететіні туралы мәлімдемеден кейін, БАҚ арасында туындаған дау-дамай үшін де кешірім сұрады.

«Шындығында мен бұл мәлімдемені бір ғана адамға айтқан болатынмын. Ертесіне бүкіл жұрттың аузында жүр. Осы тақырып жөнінде туындаған алып-қашпа әңгімелер үшін әрине, баршаңыздан кешірім сұраймын. Енді біз біршама уақыт дем алып, жаттығуға толық кірісетін боламыз», - деп Алексей Ни баспасөз мәслихатын қорытындылады.  

Дайындаған: Ғани Тұрғынбеков

Сурет: http://vesti.kz

Ж. FM