Стример белтемірге тартылудан әлемдік рекорд орнатты

Call Of Duty ойынымен кәсіби түрде айналысқан стример Даг Мартин 24 сағат ішінде белтемірге тартылудан әлемдік рекорд жасап, Гиннес рекордтар кітабына енді, – деп хабарлайды msports.kz. 

Censor лақап атымен танымал киберспортшы 8 қыркүйек күні қайырымдылық акциясы аясында әлемдік рекорд жасауға бел буған. Нәтижесінде, ол 9 250 рет тартылып, бұрын-соңды тіркелмеген нәтижеге қол жеткізді. 

Бұған дейін белтемірге ең көп тартылған спортшы – жапон Кента Адач еді. Ол бір күнде 8 940 рет тартылған. Даг Мартин болса 20 сағатта рекорд жасады. Ары қарай жалғастыруға жарақаты кедергі болған. 

Даг Censor Мартин Enigma6, FaZe, Quantic Gaming және Team EnVyUs командаларында ойнаған. Liquipedia порталының ақпараты бойынша кәсіби мансабында 109 537 доллар табысқа кенелген.