- Негізгі бет
- Әлемтану
- Турист жазбасы: Қазақстан...
Турист жазбасы: Қазақстан азаматына Тайландқа барудың жолдары қандай?
Пандемияда карантинге жабылған Тайланд қайта ашылды. Табиғаты жап-жасыл, жағалауы тұп-тұнық тропикалық ел туристтерді қабылдауға әзір. Тек демалысыңызды дұрыс ұйымдастырып, барынша ләззат алып қайтуға бекініңіз.
Massaget.kz тілшісі маусымашардың алғашқы туристтерінің бірі болып Тай еліне барып қайтты. Сіздерге демалыс ұйымдастырудың ұтымды кеңестерін ұсынбақпыз.
Арзан рейс
Айта кеткен жөн, қазақстандық туристтерге биылғы маусымның маңызы ерекше. Air Astana авиакомпаниясы Қазақстаннан Тайландтың туризм аралына айналған – Пхукетке 31 қазаннан бастап тікелей әрі тұрақты рейсін ашты. Авиарейістің жаңа ұшағы – қауіпсіз әрі жайлы Airbus A321 LR әуе кемесі.
Билет бағасы 300 мың теңгеден басталады. Билет бағасын бөліп төлеуге алуға мүмкіндік бар. Ұшақ бейсенбі және жексенбі күндері ұшады. Ұшу уақыты жолаушылардың Пхукет аралына демалысқа баруына ыңғайластырылған. Мәселен, Алматы қаласынан шығатын рейс түнгі 00.25-те ұшып, Пхукет халықаралық әуежайында жергілікті уақытпен 09.00-де барып қонады. 7 сағаттан артық уақыт ұшады.
Ұшақта іш пысу мүмкін емес. Алып әуе кемесінің орындығы жайлы, мультимедиялық экранмен жабдықталған. Фильм көріп, әуен тыңдауға, телебағдарламалар тамашалауға болады. Екі уақыт ас-ауқат пен жол жинағы беріледі.
Виза, құжат және вакцина
Тайландқа сапарға шығар алдында Thailand Pass рұқсатнамасын толтыру қажет. Аталмыш сілтемеге өтіп, Non-Thai бөлігін таңдап, Sandbox бағдарламасын толтырасыз. Мұнда Тайландқа баратын және қайтатын күніңізді, рейс нөмірі мен орнын, шетелдік төлқұжат пен вакцина төлқұжатын жүктейсіз.
Тайландқа бару үшін мына құжаттар қажет:
- Шетелдік төлқұжат;
- Вакцина төлқұжаты (екпені ұшқанға дейін 14 күн бұрын алғаныңыз дұрыс, 18 жасқа дейінгі балаға вакцина қажет емес);
- ПТР-тест (3 күннен аспаған, міндетті түрде ағылшын тіліндегі мөр қойылған нұсқасын алыңыз);
- Медициналық сақтандыру;
- SHA+ санатындағы қонақүйден бронь жасағаны жөніндегі анықтама;
- Визаға 4x6 формалы екі фотосурет.
Карантин шаралары аяқталғаннан кейін Тайланд билігі жоғарыдағы шектеулерді алып тастауы мүмкін. Сондықтан алда шетелдік төлқұжат пен сақтандыру жасау ғана міндетті болмақ.
Қазақстан азаматтары визаны Пхукет әуежайына барғаннан кейін алады. Виза 15 күнге беріледі. Құны – 2 мың бат (26 мың теңге).
Thailand Pass рұқсатнамасын рейске дейін 7 күн бұрын алдын ала толтырғаныңыз жөн. Өйткені рұқсатнаманы толтырғаннан кейін, сіздің электронды поштаңызға арнайы QR-код келеді. Сонымен ғана рейске отыра аласыз. Әрі Тайландтың санитарлық қызметі беретін бұл код виза алу үшін керек.
Пхукет әуежайына келгеннен кейін тағы ПТР-тест тапсырасыз. Оның нәтижесін қонақүйде жатып жарты күн күтуге тура келеді. Осы уақытты пайдаланып қонақүйде тынығып алыңыз.
"Қандай вакцина?" дегенге келсек, әзірше QazVac-тан басқа вакциналардың бәрі жарап тұр. Вакцинаның екі құрамын да алу қажет.
Пхукетте демалуға қанша қаржы кетеді?
Тайландта туризм маусымы пандемиядан кейін енді басталғандықтан, қазір мұнда қонақ үй мен мейрамханалар арзан. Booking.com сервисіне көз жүгіртсек, Пхукеттен екі адамға арналған қонақүй бөлмесін 100-150 мың теңгеге оңай табасыз. Көбіне таңғы ас қосылған. Үш уақыт ас қосылған қонақүйлер аз. Оның себебі де бар. Өйткені туристтердің көбі – сырттан, тай халқының мәдениетін тану үшін басқа мейрамханалардан ас ішкісі келеді.
Мәселен, Най-харн жағажайына жақын жатқан Wyndham Grand Nai Harn Beach Phuket қонақүйінде қазір екі адамдық бөлменің құны бір тәулікке 32 мың теңгеге тұр. Бұл қонақүйде қызу маусымда бөлме құны 300$-ға жетеді. Аталмыш қонақүйдің бас менеджері Грег Гаррисонның айтуынша, қазір қонақ үй нарығы қазақстандық туристтерді қабылдауға бағытталып жатқан көрінеді. "Жыл сайын 200 мың қазақстандық туристті қабылдауға дайынбыз, карантин шаралары әлі жеңілдейтініне сенімдімін" деп мәлімдеді ол. Қонақүйде орыстілді гид пен қызметкерлерді тартуға мүмкіндік бар.
Сондай-ақ, Карон жағажайына қарап тұрған Centara Kata Resort Phuket қонақүйінде екі адамдық бөлме құны 32 мың теңге (2 500 бат) тұрады. 6 адамға арналған 120 мың теңгелік вилласы бар.
Пхукетте тағам бағасы орташа. Қымбат та, арзан да емес. Алматымен бірдей. Арзанырақ мейрамханадан ас ішуге орташа есеппен 2-3 мың теңге жетеді. Ал көше тағамдары 20-50 бат тұрады (300-700 теңге). Күнделікті шығынға 500 бат (6-7 мың теңге) кетеді. Су мен шырынды, жеміс-жидекті жағалау маңынан сатып алмаңыз. Біраз қымбатырақ. Мәселен, аралдың орталығындағы базарларда 20-25 батқа сатылатын ананас не кокос жағажайда 50-60 бат тұрады.
Біздің есебімізше, бір адамға бір аптаға ұшып-қайтуы мен тұруына, ішім-жеміне кем дегенде 400-500 мың теңге кетеді. Ал алматылық тур-агенттіктердің жарнамасына сенсек, екі адамға 800 мың теңгеге барып қайтуға болатын көрінеді.
Пәтер мен көлік жалдау
Пхукетте туристтерге пәтер де, көлік те жалдауға болады. "Happy Phuket Asia" компаниясының менеджері Анатолий Соколовскийдің айтуынша, пәтерді бір айға да, бір аптаға да жалға алуға мүмкіндік бар. Бағалары әртүрлі.
"Орташа есеппен 30 шаршы метрлік пәтерді бір айға 10 000 батқа (130 мың теңге) жалдауға болады. Ал виллалар 100 000 батқа дейін кете береді. Одан бөлек, гэст-хаустар бар. Қазір пандемия кезінде Тайланд үкіметі Sandbox бағдарламасын енгізуге мәжбүр болғандықтан, шетелден келетін туристтер қонақүйге тоқтауы шарт. Соның мекенжайын белгілейді. Бұрын ондай емес-тұғын. Мекенжай ретінде жағалаудың атын белгілесеңіз жеткілікті еді", - деп түсіндіреді ол.
Пхукетте такси қымбат. Әуежайдан қонақүйге дейін 10-15 мың теңге алуы мүмкін. Сондықтан кей қонақүйлер арнайы трансфер ұйымдастырып, туристтерін күтіп алады.
Жағажайда таксимен бірге Азия елдеріне тән тук-тук-таксилер жүреді. Бұлар арзан алады деп ойлап қалмаңыз. Әдетте, көлік-таксимен бірдей алады.
Аралда көлік не мопед алып жалдауыңызға болады. Ол үшін жүргізуші куәлігі мен төлқұжаттың өзі не көшірмесі керек. Мопедті жалдаудың күндік құны – 200-350 бат (2700-4500 тг). Қонақүйлердің кейбірінде велосипед бар. Жағаға сонымен барып қайтуға болады.
Пхукетте оң жақты қозғалыс. Содан абай болыңыз. Көлікті орташа есеппен 1000 батқа (13 мың тг) жалға аласыз. Бұл жерде айта кететін бір мәселе – көлік жалға аларда міндетті түрде сақтандыру жасаңыз. Сақтандыру таңдағанда да, бірінші санатты сақтандыруды таңдаңыз. Бұл кез келген жағдайда (көлік апатына сіз кінәлі болсаңыз да) сіздің мүддеңізді қорғап береді. Егер А санатты сақтандыру алсаңыз, онда өзіңіз кінәлі болған жағдайда шығынды өзіңіз өтеуіңізге тура келеді.
Пхукетте қоғамдық көлік жоқ. Автобекет белгісі тұрғанымен, автобустың өзі көрінбейді.
Жағажайды таңдаңыз
Пхукет аралында 20-дан астам жағажай бар. Ең танымалы – Патонг, Карон, Ката, Ката-Ной, Най-харн, Чалонг. Бұлар – оңтүстігі мен батысында жатқан жағажайлар. Туристтер ең көп келетін жерлер. Бұдан басқа Камала, Сурин, Фридом Бич, Найтхон сынды жағалажайлар бар. Бұлар аралдың шығысы мен солтүстігіне қарай жатыр.
Пхукет аралының бір ерекшелігі – әр жағажайдың өзіндік орны мен қызметі бар. Мәселен, жанұямен демалу үшін бөлек, түнгі ойын-сауықты өткізу үшін бөлек, тынығу үшін жайлы орын тапқыңыз келсе, бөлек жағажайға барасыз. Сондықтан Пхукетке демалысқа барар алдында өзіңіз ұнатқан жағажайға жақын қонақүйді алған абзал. Жағажайлар бір-біріне жақын, 10-20 минуттық жол. Сол себепті Пхукетке бір барған екенсіз, қолдан келгенше басты жағажайдың бәрін аралап шығу керек. Айырмасын содан байқайсыз.
Най-Харн жағажайы. Бұл жағажай Пхукет аралының үздік жағажайы саналады. Әсіресе, отбасымен демалуға ыңғайлы. Әлемнің үздік 18 жағажайының, ал Азияда үздік 3 жағажайдың біріне енеді. Қос таудың етегінде жатқан әсем жағажай. Толқыны аз, сондықтан балалардың суға түсуіне ыңғайлы. Бірақ мейрамхана мен көлік тұрағы аз.
Wyndham Grand Nai Harn Beach Phuket қонақүйіне аралға дейін көлікпен 2 минутта, ал жаяу 10-15 минутта жетесіз.
Бұл жағалаудың бір кемшілігі – турист көп болуы мүмкін.
Карон жағажайы Пхукет аралығында ірі жағажайдың бірі. Тынығуға орын табу оңай. Маңында тамақтанатын орындар көп. Волейбол ойнайтын жерлер бар.
Тағы бір ерекшелігі – құмында кварц бар. Денсаулыққа пайдалы: құмға көбірек қыздырынуға тырысыңыз. Құмында кварц болғандықтан, жүрген кезде сықырлаған дыбыс шығады.
Ката жағажайы ұзын, 2 шақырымға созылып жатыр. Маңында мейрамхана, көлік қоятын орын көп. Бірақ маңында қонақүй аз. Дайвинг-клуб жұмыс істейді. Серфинг алатын орындар бар. Жағажайдағы құмның түсі ақ, суы көгілдір.
Ката-Ной жағажайы кіші Ката деген мағынаны береді. Жағалауда толқын жоқ, сондықтан балалармен демалуға өте ыңғайлы.
Патонг жағажайы – Пхукеттегі ең танымал жағажай. Бұл маңда атақты, түнгі ойын-сауық мекені – Бангло роуд орналасқан. Жағажайдың ұзындығы – 3 шақырым. Суы таза. Ақылы дәретхана орналасқан. Маңында балалар ойын алаңы бар.
Камала жағажайы зейнеткерлер мен отбасылы адамдарға арналған. Жағалау тыныш, балаға су түсуге ыңғайлы. Құмы мен суы таза. Маңында орналасқан кей қонақүйлердің жағажайға шығар тікелей жолы бар.
Сурин жағажайының пейзажы әсем. Суы мөп-мөлдір. Маңында сауда орталығы мен қымбат қонақүйлер орналасқан.
Банк Тао жағажайы – ең ұзын жағажай. 7 шақырымға созылып жатыр. Шетелдіктердің жақсы көретін жері. Маңында би, ән кеші өтетін клубтар орналасқан.
Пхукетке барудың артықшылықтары
Пхукет аралы жыл он екі ай жылы. Климаты субэкваторлы. Ауа температурасы жыл бойы бірқалыпты. 28-30 градус жылы. Жауын-шашынды және құрғақ кезең болып екіге бөлінеді. Қараша мен сәуір аралығы – құрғақ кез. Ылғал аз. Сондықтан бұл кезең – демалуға ыңғайлы. Дубайда құрғақ қапырық пен Балиде ылғал қапырық боп жатқанда Пхукетке демалуға келу – ұтымды шешім. Қыс – Пхукетке демалысқа келуге ең ыңғайлы уақыт.
Пхукеттің табиғаты керемет, әсем. Жағалауы көгілдір, маңайдың бәрі жап-жасыл. Аралдың жер бедері таулы, қырлы-дөңді, белес-белес. Бүкіл аралды джунги орманы алып жатыр. "Пхукет" сөзі тайша "таулы, қырлы" деген мағынаны береді.
Арал әкімшілігі табиғатқа кірпияз қарайды. Орман, ағаш-талды отауға рұқсат жоқ. Сондықтан қонақүйлердің бәрі экзотикалық өсімдіктермен сәнделген.
Пхукеттің жағажайы басқа туристтік аралдарға қарағанда таза. Пандемия кезінде турист келмей біршама тазарып қалған. Аралды Үнді мұхитына қарасты Андаман теңізі қоршап жатыр. Суы мөлдір, жұқұт түстес.
Пхукеттің маңында ұсақ аралдар көп. Сол аралдарға саяхаттап қайтуға мүмкіндік зор. Ол жақтың жағалаулары Пхукеттен де әдемі. Арасында Леонардо ди Каприо ойнаған "Жағажай" фильміне түскен Пхи-Пхи аралы, Джеймс Бонд фильміне түскен Тапу сынды танымал аралдар бар.
Тайланд – пілдің отаны
Пхукет аралы – баламен саяхаттауға тамаша мекен. Әсіресе, Тайландтың флорасы мен фаунасын тропикалық табиғаттың нағыз экзотикасын паш етеді. Мәселен, пілді бағып-қағатын табиғи саябақ – Green Elephant Sanctuary Park Phuket-ке барудың өзі Сізге көп мағлұмат береді.
Мұнда Сіз пілдерді жақынырақ танып, тамақтандырып, лайға және суға шомылдыруға, тіпті, душқа түсіруге болады.
Саябақ қиын жағдайда қалған пілдерге қамқорлық жасау мақсатында құрылған. Пілдердің көбі 46-48 жаста. Арасында балалары бар. Саябақтың піл қамайтын қорасы, 50 мың шаршы шақырымға созылып жатқан жайылымы, қызметкерлер тұратын үйлер және туристтерге арналған мейрамханасы бар. Барлығы табиғи бамбуктен құрылған. Нағыз экомекен.
Пхукетте қыдыруға арналған көрікті жерлер
Пхукет тек суға шомылып, күнге күйіп қайтатын жер десеңіз, қателесіз. Көруге тұрарлық көрікті орындар жетерлік. Аралдың мәдени-шаруашылық жағдайы мен сәулет өнерін білгіңіз келсе, мына мекендерге барыңыз.
1. Алып Будда мүсіні. Аралдың қай тұсынан қарасаңыз да алыстан мұнартып көрініп тұратын бұл алып мүсін 800 метр биіктікте орналасқан. Мүсіннің биіктігі – 45 метр. 2004 жылдан бері басталған құрылыс әлі жүріп жатыр. Храмның маңайында басқа мүсіндер жетерлік. Орнында қозғалмай монохтар отыр.
Мүсін тұрған тауға шығып, Пхукет аралының шығыс жағын түгелдей көресіз. Шолу алаңы іспеттес. Суретке түсуге жайлы орын.
2. Промтхеп мүйісіндегі шолу алаңы. Пхукет аралының оңтүстік жағын, Карон, Ката және Най-Харн жағажайын тамашалауға болады. Жергілікті жұрт көп жиналатын орынға ұқсайды. Әсіресе, жастар толып жүр. Жағалау табиғаты тамаша көрініс табады. Фотосуретке түсуге таптырмас орын.
3. Карон шолу алаңы. Пейзажды, айнала жасыл орманмен қоршалып жатқан биік алаңша. Аралдың оңтүстігінде жатқан жағажайларды көресіз. Суретке түсуге, ну табиғатты тамашалауға керемет орын.
4. Ескі Пхукет Таун – Пхукет қаласының ескі бөлігі. ХVIII-XIX ғасырда салынған үйлерді, сәулет өнерінің туындыларын көруге арналған. Қытай-португал стилінде салынған қосқабатты үйлер, алғаш Пхукет аралына қоныс аударған қытай мен тай халқының мәдениетін көрсетер мұражай, храм мен жайма базарлар орналасқан.
5. Патонг – Пхукет аралының шығыс жағында орналасқан курорт әрі қала бөлігі. Бұл бөліктің көшелерімен серуендеу, бұрыш-бұрышын аралап жүріңіз, Пхукеттің немен тыныстап жатқанын көзбен көресіз.
Экоферма
Тайланд елінің негізгі экономикалық табысы туризм болып көрінуі мүмкін. Алайда олай емес. Бірінші орында машина жасау мен электроника, одан кейін ауыл шаруашылығы тұр. Туризмнің кейінгі орындарға тұрғаны байқалады.
Қазір Тайланд корольдігі мұхит пен жағажайды туризмге айналдырумен бірге ауыл шаруашылығын, оның ішінде экоферма бағытын туризмге бағыттауға күш салуда. Бұдан Пхукет аралы да құр қол емес.
Аралда ананас, кокос пен манго, дуриан сынды экзотикалық жемістер мен каучук өседі. Каучук плантациясын қаланың ішінен де көруге болады. Кей шаруалар ананас, кокос пен каучукті қосып өсіреді. Солардың бірі – Bang Rong жергілікті қауымдастығы.
Қауымдастықтың туристтерге есігі ашық. Келіп ананас пен каучукті, кокосты қалай өсіріп, өңдейтінін көруге болады. Ананасты өсіп тұрған жерінен өзіңіз таңдап кесіп аласыз. Сізге ананас пен кокос таңдаудың жолдарын үйретеді. Кокос сүтінен, табиғи ананас шырынан дәм татасыз. Жергілікті шаруалар өте қонақжай.
Пхукет аралының солтүстік жағы балық шаруашылығымен айналысады. Бұл жерден Азия елдеріне тән мангро ормандарын тамашалап, қарапайым шаруалардың тұрмыс-тіршілігімен танысудың реті түседі. Айта кеткен жөн, бұл аумақтағы шаруалардың көбі – мұсылмандар.
Аралда жүріп мешіттерді жиі байқайсыз. Жергілікті гидтің айтуынша, Пхукет халқының 3/1 бөлігі – мұсылмандар екен.
Тай халқының мінезі
Тай халқы – табиғатынан биязы, сыпайы, қонақжай халық. Әсіресе, туристтерге құрметпен, әдеппен қарайды. Тай халқы ақырың сөйлегенді ұнатады. Сондықтан бұл елде жүріп дауыс көтеруге болмайды.
"Тай мәдениетінің негізі – құрмет пен әдет. Жайлылық пен сабырлықты сүйеді. Біреуге не жамандық істесең, сол басыңа келеді дегенді қатаң ұстанады. Яғни, карма ұстанымы басым. Кез келген адаммен мейірімді, сыпайы болуға тырысады. Күліп жүруді өмірлік әдетке айналдырған халық. Бұл елге келген соң, сіз де күліп жүруіңіз керек", - деп түсіндірді Анатолий Соколовский.
Алда-жалда жергілікті азаматпен қақтығыс бола қалса, "артық кетудің" қажеті жоқ. Полиция шақырып шешуге тырысқан жөн көрінеді.
"Тағы бір ескерер нәрсе – тай халқы саудаласуды аса ұнатпайды. Тауар бағасын еселеп түсіруге ұмтылмаңыз", - дейді Соколовский.
Шоппинг
Тайландта кейбір тауарлардың арзан екені рас. Әсіресе, тазалық заттары мен киім-кешек арзандау.
Турист көп жүретін жерден зат сатып алып қажет емес. Сауда орталықтары мен қаланың орталығындағы базарларға барып шоппинг жасау тиімді.
Экскурсия
Пхукет пен оған жақын аралдарды жақынырақ тану үшін экскурсия жалдауға болады. Алып Будда мүсіні, храм мен экоферманы көруге, шолу алаңдарын аралап шығу экскурсиясы адам басына 1000 бат (13 мың теңге) тұрады. Ал егер құрлық жаққа шыққыңыз келсе, 1800 бат төлеуге дайын болыңыз.
Ғаламтор және сим-карта
Пхукетте уай-фай табу оңай. Мейрамхана мен қонақүйлердің бәрі уай-файмен жабдықталған.
Егер ғаламторға қосылған сим-карта керек десеңіз, 300 бат тұрады. Сим-картаны алу үшін төлқұжат қажет.
Пхукетте WhatsApp мессенджері қолданылады. Бірақ Телеграм аса танымал емес.
Ақша айырбастау
Ақшаны банктен емес, ақша айырбастау пунктерінен ауыстырған жөн. Артық комиссия болмайды. Бір бат – 13 теңгеге тең. Ал бір доллар – 33 батқа тең.
Ескерер жайттар...
Тайланд корольдігінде заң қатаң. Сондықтан заң неге шектеу мен тыйым салатынын алдын-ала біліп алған жөн.
Пхукетте мына нәрселерге тыйым салынған:
- Жағажайда темекі, электронды сигарет шегуге болмайды. Есірткі шегуге мүлде жол жоқ. Есірткіні таратқаны үшін Тайландта өлім жазасына кесуі мүмкін.
- Жол ережесін ұстаныңыз. Алда-жалда жол апатына түссеңіз, жергілікті заң жергілікті азаматты ақтап шығуға жұмыс істейді.
- Азарт ойынына толық тыйым салынған.
- Жағажайда іш киімді шешіп тастауға болмайды.
- Сағызды жерге тастауға болмайды. Тастаған жағдайда айыппұл – 50 мың бат.
- Құжатты бірге алып жүрудің қажеті жоқ. Қымбат бұйым мен ақшаны, шетел төлқұжатын қонақүйдің сейфіне салып кеткен жөн.
- Барған күні-ақ күнге қатты күймеңіз. Бұл денсаулыққа зиян. Аз-аздап қыздырынған абзал.
Сөз соңы...
Қандай да бір кеңес не көмек алу үшін Пхукеттегі Қазақстан Республикасының Құрметті консулдығы мен Тайландтағы Қазақстан Республикасының елшілігіне жүгінуге болады. Екі ел арасындағы туризм мен ұшақ рейсінің қалпына келуіне елшіліктің атқарған қызметі зор. Соның арқасында Қазақстан ТМД елдері арасында Тайландпен рейсін жаңартқан алғашқы ел атанды. Пхукеттегі ҚР Құрметті консулдығының телефон нөмірі: +66 98 0177073.
Баспасөз материалын дайындауға көмектескен
Қазақстанның Тайландтағы елшісі Раушан Есболатова мен
Пхукеттегі Қазақстанның Құрметті консулы Аютханоп Пандкамнерд мырзаға
алғысымызды білдіреміз.
Қ. Слямбек