- Негізгі бет
- Әлемтану
- Табиғаттан пластик "жейтін"...
Табиғаттан пластик "жейтін" бактериялар табылды
Швед ғалымдары зерттеу жүргізіп жүріп табиғаттан пластикпен қоректенетін бактерияларды тауып алды. Бұл жайлы Microbial Ecology басылымы жазды.
Швецияның Чалмерс Технологиялық университетінің биологтары 200 миллион бактерияны зерттеп, 300 мың микроағзаның қоқысты құртуға, оны өңдеуге қабілетті екенін анықтаған. Ал олардың ішінде он шақты бактерияның пластикті "жеп" ыдырата алатынын байқаған.
Ғалымдар бұл бактериялардың эволюциялық жақтан тез дамитынын әрі табиғаты жағынан әмбебап келетінін айтады. Пластикті судың ішінде де, құрлықта жатып та "жей беретін" көрінеді.
Зерттеушілердің айтуынша, бактериялар қоқыстың түріне қарай тез бейімделіп, пластиктің түр-түрін қорыта береді. Қазір зерттеушілер бұл бактериялардың тағы қандай қасиеті барын анықтап, арнайы зертханада тәжірибе жүргізіп жатыр.
Биологтар полимерден жасалған заттарды құртуға қабілетті микробтарды іріктеп шығармақ.
Бұған дейін ғалымдар мұхитқа түскен қоқыстың, оның ішінде пластик заттардың суда басқа бір экосистема құрып, теңіз жануарлары мен тіршік иелерінің үйіне айналғанын айтқан. Олардың арасында пластикті "жейтін" бактериялар да бар көрінеді.
Қ. Слямбек