Су астынан табылған қазыналар

Ғаламның жұмбақ сыры, Жердің зерттелмеген аумағы көп. Планетамыздың 70 пайызы судан тұрады. Ал әлемдегі мұхиттың әлі 80 пайызы зерттелген жоқ. Су асты әлемінде қандай ғажайыптар мен қазыналар жатқанын болжау қиын. Назарыңызға су астынан кездейсоқ табылған қазыналарды ұсынамыз.

Елес-кеме

2010 жылы сүңгуірлер тобы Балтық теңізін зерттеген. Зерттеушілер Екінші дүниежүзілік соғыста атып түсірілген ұшақты іздеп, нағыз елес кемеге тап болған. Кейін ол кеме XVII ғасырдағы голландиялықтарға тиесілі болғаны анықталған. Бірақ голландиялық кеме Балтық теңізіне қалай тап болғаны және қалай батып кеткені белгісіз.

Гераклион  – су астындағы қала

2000 жылы Франк Годдио ашқан Гераклион (екінші аты – Тонис) Египеттің Жерорта теңізі жағалауында, Александрияның солтүстігінде орналасқан ежелгі су астындағы қала. Қала ежелден аңыз болып саналған, өйткені оны шамамен 1200 жыл бұрын су басып қалған деген дерек болған. Бірнеше жылдық ізденістен кейін, сүңгуірлер су түбінен шынымен де ерекше артефактілер – алтын монеталарды, тас мүсіндерді, қола табақтар мен 60 кемені алып шыққан. "Кемелер қалай батып кетті, егер қаланы су басса тұрғындар оны неге пайдаланбады?" деген сұрақтар ғалымдарды таңдандырған.

Бимини-роуд (Bimini-road)

1968 жылы Атлант мұхитынан ерекше тастар табылды. Тік бұрышты әктас жыныстарының пайда болуы бүгінде "Бимини-роуд" деп аталады. 1978 жылы ғалымдар тастарға радиокөміртекті талдау жүргізіп, олардың 3500 жылдық тарихы бар екенін анықтады. Зерттеушілер Мансон Валентин, Джак Майол және Роберт Ангов тастарды 1958 жылы алғаш кездестірген кезде Атлантиданы таптық деп ойлаған.

Йонагуни пирамидасы

1987 жылы Кихачиро Аратаке атты сүңгуір Жапонияның оңтүстік жағалауынан акулаларды іздеу үшін су астына сүңгіген. Акулалардың орнына сүңгуір антропогендік шығу тегі бар керемет монолит плиталарды кездейсоқ кездестірген. Бүгінде Рюкюс университетінің зерттеушілер тобы су астындағы ескерткішті зерттеп жатыр. Топ жетекшісі Масааки Кимура Йонагуни жарты миллион жыл бұрын салынды деген бірнеше батыл болжамдар жасады. Бірақ кім салғаны белгісіз.

Балтық теңізінің аномалиясы

Балтық теңізінің түбіндегі ұзындығы 70 метрге жуық траншея нысанды алғаш рет 2011 жылы швед Ocean X тобының зерттеушілері тапты.

Зерттеу тобының мүшелерінің бірі Стефан Хогерборнның айтуынша, олар тапқан белгісіз нысан табиғи құрылым емес, өйткені объектіге жақындағанда бүкіл топтың электр құрылғылары істемей қалған. Ал белгісіз нысаннан 200 метр алыстаған соң, құрылғылар қайтадан істей бастаған.

Табылған жұмбақ нысан бойынша сарапшылар пікірі екіге бөлінді. Бірі оны апатқа ұшырап, Балтық теңізіне құлаған ұшатын нысанның жұмбақ бөлігі десе, екіншісі көптеген жылдар бұрын батып кеткен қаланың сынықтары деген.

Бірқатар сарапшылар мұндай құрылым ежелгі су асты жанартауы атқылауының қалдықтары болуы мүмкін деп санайды.

Алайда көп ұзамай сүңгуірлер тобы табылған нысанның бірнеше үлгісін жинап, ғалымдарға тапсырды, олар көптеген зерттеу жүргізгеннен кейін әлем қызыққан жұмбақ нысан мұз шөгінділерінің  бөлігі екені анықталды.

Ғалымдар айтқандай, жылжымалы мұздықтар Балтық теңізінің төменгі бедерін қалыптастыруда маңызды рөл атқарды. Стокгольм университетінің мамандары жүргізген зерттеу нәтижелері бойынша Балтық теңізінен табылған аномалия мұз дәуірінен бізге қалған "мұра" екен.

Lion City

Халық арасында "Арыстан қаласы" атанған Ши Ченг бір кездері Қытайдың Чжэцзян провинциясының саяси және коммерциялық орталығы болған. Алайда, 1959 жылы Қытай үкіметі бұл аймаққа су электр станциясы қажет деген шешім қабылдады. Нәтижесінде жасанды көл қаланы басып қалған. Арада жарты ғасыр өткесін дайверлер су астынан қаланың үгінділерін тапқан.