- Негізгі бет
- Әлемтану
- Сары, қызыл, ақ:...
Сары, қызыл, ақ: Күннің түсі қандай?
Кез келген баладан "күннің түсі қандай?" деп сұрасаңыз, сары деп жауап берері анық. Сурет салғанда да күнді сары қылып бейнелейді. Алайда бұл қайдан келген таным немесе ассоциация? Күн арайлап атқанда не батып бара жатқанда қызыл түске енетіні бар емес пе? Бұл қалай болғаны?
Ғалымдар бұл сауалдың жауабын бұрыннан біледі. Бірақ оған мән беріп жатқан ешкім жоқ. Балаларға арналған кітап пен мультфильмнің бәрінде күн – сары, фантастикалық фильмде оны жанып жатқан сап-сары жұлдыз қылып көрсетеді.
Шындап келгенде, күннің негізгі түсі – ақ, яғни, түссіз. Күннің жарығы немесе ғылымда айтылатын эффектив температурасы – 5780 кельвин. Оның түсін ақ қылып көрсететін – осы құбылыс. Күн суық кезде қызыл, ыстық кезде көк түсті боп көрінеді. Ал оның сәулесі алыста жатқан Жер ғаламшарына жеткенше, сарғыш түске ұласып үлгереді.
Негізінде күннің өзі – хамелеон, яғни, адам таныған түстің бәрін шашады. Электромагнитті толқынның барлығы – дәл осы күннен түседі. Сондықтан кез келген электромагнитті толқынның түсі күнде бар деп есептеген жөн. Мұндай спектрді екіге бөлуге болады: бізге көрінетін спектрдің төменгі жағы – сары, тоқсары, қызыл түстес. Мұндай толқынның ұзындығы үлкен. Ал төменгі спектр көкшіл, көк, күлгін түстес. Оның толқыны қысқа. Сондықтан Жер ғаламшарының атмосферасы күннен келген электромагнитті толқындарды сүзіп, қысқаларын өткізбей тастайды. Ал ұзын толқыны өтіп барып, жерге жетеді де, бізге – адамдарға сары не қызыл түсті боп көрінеді.
Оның үстіне, ауа қабаты тозаңданып, зиянды қалдық көбейсе, күн келген шуақпен шағылысып, қызыл реңк береді. Ал аспан тап-таза болса, күннің аппақ екенін көруге болады.
Күн батып бара жатқанда қып-қызыл, от түстес боп көрінетін себебі – күннің фотоны күндізгідей емес, батып бара жатып атмосфераның көп бөлігін жарып өту керек болады, содан сары, қызыл, тоқсары сынды аз энергетикалық түстер ауаға сіңіп кетеді.
Күннің шынайы түсін тек ғарышқа шыққанда ғана көруге болады. Фотонға әсер етер атмосфера болмайды.
Қ. Слямбек