- Негізгі бет
- Әлемтану
- Сахара жасыл желекке...
Сахара жасыл желекке айнала ма?
Халықаралық ғалымдар тобы бірнеше мың жыл бұрын Сахара шөлінің орнында жасыл желек жамылған табиғат болғанын растады. Олар климаттың өзгеруінен планетадағы ең үлкен шөл туды дейді.
Ғалымдар Жерорта теңізіндегі соңғы 160 мың жылды қамтитын шөгінді үлгілерін талдап, осы кезеңде болған климаттың өзгеруін модельдеді. Теңіз түбіндегі шөгінді қабаттарда Африка континентінде өсірілген өсімдіктердің қалдықтары мен ежелгі моллюскалар қабығы бар.
Жер орбитасындағы кішігірім өзгерістер, полярлық мұз қалқандарының көлемі ұлғаюы, кішіреюі ылғалды кезеңдердің ұзақ құрғақшылық кезеңдерімен және қатты жауын-шашын кезеңімен ауысып отыруына әкеліп соққаны анықталды. Ылғал кезеңдер әдетте 5 мың жылға созылған, ал өсімдіктердің өсуіне арналған құнарлы жағдайлар Солтүстік Африкадан Жерорта теңізінің жағалауына дейінгі аумақты қамтыған.
Климаттың өзгеруі адамдардың өмірінде де күрт өзгерістерге әкеліп, Сахара шөлінің пайда болуына себеп болған. Сарапшылардың айтуынша, шөлдің қатал климаты мен құрғақшылығына қарамастан, 15 мың жылдан кейін Сахара қайтадан жасыл желек жамылған аймаққа айналады.
Т. Раушанұлы