Ресей мен Қытай Айда халықаралық зерттеу стансасын салу бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл туралы "Роскосмос" хабарлады.
Меморандумға Роскосмостың бас директоры Дмитрий Рогозин мен Қытайдың ұлттық ғарыш корпорациясының президенті Чжан Кэцян бейнеконференция арқылы қол қойды.
Ресей мен Қытай жоба аясында Ай станциясын салу жоспарын құрып жатыр. Екі ел станция салу жобасын жоспарлау, әзірлеу және жүзеге асыруда тығыз ынтымақтастықта болады.
Айта кетейік, жеті айлық ұшудан кейін Қытайдың Tianwen-1 зонды Марс айналасындағы орбитаға шыққан болатын.
Қытай зондының мақсаты – Марстағы өмірдің іздерін табу және оны адамдар бойына сіңіру мүмкіндіктерін зерттеу. Зонд үш ай бойы планетаны зерттеп, суретке түсіріп, Марс картасын жасауға көмектеседі.
Қытай бұған дейін Марсты бағындыруға тырысқан. 2011 жылы Ресеймен бірлескен жоба сәтсіз аяқталған.