- Негізгі бет
- Әлемтану
- Ірі техноапат: Әлемдік...
Ірі техноапат: Әлемдік атом станцияларының жарылуы
Атом станциясы – энергия өндіру үшін, басқалай айтсақ, кәдімгі электр тоғын өндіру үшін салынатын алып бекет. Қуаты мен шығыны жағынан жылу электр станциясы мен су электр станциясынан тиімді деседі. Жел, су, мұхит ағыны, геотермальды бұлақ сынды баламалы энергия көздеріне қарағанда атом энергиясының болашағы зор көрінеді. Бірақ болашағымен бірге көлеңкелі тұсы да бар. Ол – апат.
Тарихта атом станциясының жарылуы бір емес, бірнеше рет болған. Солардың бірі, сөзсіз, Чернобыль апаты. Бұдан басқа да ірі апаттар болған. Ендеше сондай ірі техногенді апаттардың бірнешеуін атайық.
Чернобыль қасіреті
Жоғарыда айтқанымыздай, адамзатқа қасірет әкелген атом апаты ғана емес, жалпы техногенді зілзаланың бірі – дәл осы Чернобыль станциясы. Оның зардабы әлі жойылған жоқ. Бұл аймақ қазір жат, кіруге де, жүруге де тыйым салынған радиациялық зонаға айналған.
Апат 1986 жылы 26 сәуірде болды. Припять қаласының маңындағы атом электр бекетінің төртінші блогы жарылып, қалың өртке оранады. Реакторлы аймақтың бәрі күлге айналып, энергоблок тұрған ғимараттың жартысы құлап, қоршаған ортаға радиоактивті материал тарайды.
Өртті он күн бойы өшіре алмады. Мамандардың есебінше, радиоактивті шаң-тозаң 200 мың шаршы шақырымға тарап, үш елдің (Ресей, Украина, Белорусь) төрт ауданы адам өмір сүруге жарамай қалды.
Апатқа не себеп болғаны әлі күнге дейін белгісіз. Бірі жер сілкінісі себеп болды десе, енді бірі қасақана жасалған қылмыс деседі. Ал апаттың өзі 4-ші энергоблоктың турбогенераторын сынақтан өткізіп жатқанда болған. Өндіріс орнының апаттық сақтау жүйесі іске қосылғанымен, ғимаратты құтқарып қала алмады.
Фукусима-1 апаты
Халықаралық ядролық шкаланың жеті деңгейі бар. Осының жетіншісіне жеткен апаттардың бірі – Жапониядағы Фукусима облысында орналасқан атом станциясында болған апат. 2011 жылы болды.
Апатқа себеп болған нәрсе белгілі. Ол – жер сілкінісі мен цунами. Екеуі қатар келіп, әлемдегі мықты бекеттердің бірін тас-талқан етті. Қайтыс болған, із-түссіз кеткен адамдардың саны 20 мыңға жетті. Жарты миллионға жуық адам үйін тастап қашуға мәжбүр болды. Бір миллионға жуық үй жермен жексен болды.
Чернобыль мен Фукусима апатының айырмашылығы бар. Біріншіден, Чернобыльда бір реактор жарылса, Фукусиманың 3 реакторы от құшты. Екіншіден, жапон бекетінің радиоактивті заттарының басым бөлігі (80 пайызы) құрлыққа емес, мұхитқа – суға кетті. Негізінен екі ауыр элемент сыртқа тарады. Бірі – йод, екіншісі – цезий. Йод бастапқы 8 күнде өте қауіпті. Ал цезийдің қаупі – 30 жыл.
Сондықтан Фукусимадан тараған қалдық Чернобыльдан тараған қалдықтан 8-9 есе аз.
Қазір Фукусима аймағында балық аулауға болмайды. Бұл маңда тіршілік ететін жануарлардың түр-түсі өзгеріп, халықтан қатерлі ісік көп табылып жатыр. Апатты толық залалсыздандыру үшін 40 жылдай уақыт керек.
Сен-Лоран-дез-О
Францияда болған апат. 1980 жылы Луар өзені бойындағы Сен-Лоран-дез-О атом электр станциясы жарылады. Бірақ француздар 2,5 жылда қайта қалпына келтіріп, істен шыққан реакторды жөндейді.
1983 жылы іске қосылған реактор тағы бұзылып, 1992 жылы бекетті жабуға тура келеді. Содан бері бұл электр станциясы штаттық режімде жұмыс істейді.
Три-Майл-Айленд бекеті
Бұл – АҚШ-тың Пенсильвания штатында орналасқан атом электр станциясы. 1979 жылы болған, АҚШ тарихындағы ең үлкен атом апаты.
Станцияның екінші энергоблогы тесіліп, реактордың жарты бөлігі балқып кетеді. Содан энергетикалық блок сол беті жөнделмеді. Апат 5-ші деңгейлі деп бағаланды.
Бұл апат Америка қоғамына үлкен әсер етті. Антиядролық көңіл-күй күшейіп, халық атом энергиясына қарсы шықты. Содан АҚШ үкіметі де атом энергиясына қарсы болды. 2012 жылға дейін АЭС салуға лицензия бермей келді. Оған дейін атом бекетін салу туралы ұсыныстардың бәрі (он шақты жоба ұсылынған екен) мақұлданбаған күйде қалды.
Вандельос станциясы
Бұл атом бекеті – Испанияның шағын қалашықта – Вандельоста орналасқан. 1989 жылы АЭС-тің бірінші энергоблогы өртеніп, Испаниядағы жалғыз графитті газ реакторы жабылып қалады. Екінші блок қазір жұмыс істеп тұр.
Бірақ 2004 жылы екінші блокта да өрт болады. Кейін испан билігі атом бекетіне арналған өрт қауіпсіздігі шарттарын өзгертіп, Вандельос станциясының реакторды салқындату жүйесі жетілдірілді. Салқындатуға мұхит суының орнынан тұщы су пайдаланатын болды.
Қ. Слямбек