Археологтар Норвегияда әлемдегі ең көне руна тасын тапты. Мамандар ондағы жазулардың жасы 2000 жылға дейін жетеді және руна жазуаның ең көне үлгісі екенін айтады. Бұл туралы The Guardian хабарлады.
Ослодағы (Норвегия) Мәдени тарих мұражайы қоңыр құмтастың жалпақ шаршы бетіне ойып жазылған тасты Скандинавияда жазылған сөздердің ең алғашқысы болуы мүмкін екенін айтады.
Бұл олжа ерте темір дәуіріндегі рунаны пайдалану туралы көп білуге мүмкіндік береді.
"Тас бұрын-соңды табылған ең көне руна жазбалардың бірі және әлемдегі ең көне руна тасы", - дейді мұражай өкілдері.
Руна тасы 2021 жылдың соңында Ослоның батысындағы Тирифьорд маңындағы қабірді қазу кезінде табылды. Бұл аймақ бірнеше монументалды археологиялық олжалармен танымал. Кремациялау шұңқырынан ғалымдар тастан басқа, өртенген сүйектер мен көмір тапты.
Тастың өлшемі 31 сантиметрден 32 сантиметрге дейін. Жалпы ондағы жазудың бірнеше түрі бар және олардың барлығында мағына болмауы мүмкін. Тастың бетіндегі сегіз руна "Идиберуг" деп жазылған - бұл әйелдің, ер адамның немесе отбасының есімі болуы мүмкін.
Бұл жаңалық қазірдің өзінде "ең сенсациялық жаңалықтардың бірі" деп аталды.
Археологтар Тирифьорд аймағында қазба жұмыстары мен іздеу жұмыстарын жалғастырмақ ниетте.
"Бұл олжа бізге ерте темір дәуіріндегі тасқа қашап жазудың алғашқы әрекеттерінен дерек береді", - деді Осло университетінің профессоры Кристель Сильмер.