- Негізгі бет
- Әлемтану
- Мальдив аралдары 2100...
Мальдив аралдары 2100 жылы су астына кетуі мүмкін
Егер адамзат жаһандық жылынуға қарсы күреспесе Үнді мұхитындағы Мальдив аралдары осы ғасырдың аяғында су астына кетуі мүмкін. Бұл туралы елдің қоршаған орта және технологиялар министрі Аминат Шауна айтты.
Ол табиғатқа зиян қазіргідей масштабта жалғаса берсе, онда 2100 жылға қарай Мальдив аралдары картадан жоғалып кетуі мүмкін деді.
"Климаттың өзгеруі – бұл қазіргі ең өзекті мәселелердің бірі және біз осы мәселе алдындағы әлемдегі ең әлсіз елміз", - деді Шауна CNBC телеканалының эфирінде.
Ол бүгінде Мальдив аралдарының 80 пайызы теңіз деңгейінен бір метр ғана биік тұрғанын атап өтті. Қазіргі уақытта аралдардың көп бөлігінде су тасқыны мен жағалау эрозиясы байқалады. Арал үкіметі климаттың өзгеру әсерін азайту үшін шаралар қабылдауда. Атап айтқанда, Мальдив аралдарындағы жағалаудағы аймақтарды қорғау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, ел басқа елдерге үлгі болу үшін жылыжай газдары шығарындыларын азайту бойынша көшбасшы болуға ұмтылып жатыр.
Айта кетейік, жаһандық жылыну кесірінен Жер бетіндегі теңіз деңгейінен төмен мекендер жоқ болып кетеді деп ғалымдардың дабыл қаққанына көп болған жоқ. Соның дәлелі ретінде 2018 жылы Гавай архипелагына кіретін Валака аралы жер бетінен жоқ болып, су астына кетті.
АҚШ-тың балық және жабайы аңдарды қорғау қызметінің жасанды серігінен түсірілген суреттерге қарағанда, Гавай шығыс аралдарының бірі толықтай су астына батып кеткен. Валака солтүстік-батыстағы атоллдар ішіндегі үлкендігі жағынан екінші арал болатын. Оның ені 120 метр, ұзындығы 1 шақырымды құрайтын. Жоғалып кету қаупі төніп тұрған (ұзындығы 80 сантиметрден 1,4 м дейін жететін, салмағы 600 келі болатын) жасыл теңіз тасбақаларының дүние жүзі бойынша жартысынан астамы осы аралда өмір сүретін еді.
Т. Раушанұлы