Арвари өзені 60 жыл бұрын толығымен құрғап, судың жетіспеушілігі жақын маңдағы тіршілік белгілерін жойып жіберді. Бірақ Раджендра Сингх мұның бәрін өзгерте алды. Оның қарқынды еңбегінің арқасында өзен қайта қалпына келген. Көбі үмітін үзген, қаңырап бос жатқан жердің бағасы 150 есеге дейін, өнімділік 10 есеге дейін өскен. Халық саны көбейіп, құстар мен басқа да жануарлар аймаққа қайта оралған.
Үндістанның солтүстік-батыс штаты Раджастхан – өмір сүру деңгейі өте күрделі, халқы ең тығыз орналасқан аудандардың бірі. Кезінде бұл жерлерді сумен қамтамасыз еткен Арвари өзені құрғақшыдық салдарынан "тарих қойнауына сіңіп", оның кеуіп қалған жолы шөл далада созылған жылан ізіндей болып жататын. Нәтижесінде су қоймалары көміліп, ауыз су алу үшін 100 метрге дейін қазуға тура келген, судың сапасы да түсіп кеткен.
Өмір қиындай түскен сайын адамдар көшіп-қонып, халықты жоқшылық пен шарасыздық жайлаған.
Дәл сол кезде, 1985 жылы жақында ғана медициналық колледжді бітірген дәрігер Раджендра Сингх осындағы Гопелпур ауылына келіп, өзінің шағын кабинетін ашады.
Раджендра колледж кезінен бастап салауатты өмір салтын белсенді түрде насихаттайтын. Ауылға келген соң да бұл әдетінен бас тартпайды. Халық денсаулығын зерттеп жүрген жас дәрігер басты мәселе суда екенін түсінеді. Бұдан бөлек, Раджендра өз фермасын ашқысы келді, бірақ жағдай оған мүмкіндік бермеді.
Жылына екі айға созылатын жаңбырлы маусымда аймақта қатты жаңбыр жауады, қалған уақытта құрғақшылық болатын. Жергілікті тұрғындармен сөйлескен Раджендра Сингх Арвари өзенінің бір кездері тасып ағатынын және өзеннің айналасында су тасқынын ұстап тұратын арнайы шағын су қоймалары – жохадтар болғанын біледі.
Раджендра бірнеше серіктерімен жұмысқа кірісіп, көміліп қалған су қоймаларын тазалауға кіріседі. Көпшілік оның бұл әрекетінің түкке тұрғысыз екенін айтып күлді, бірақ дәрігер бастаған ісінен қайтпайды.
Алғашқы нәтижелер көңіл көншітерлік жағдайда болмайды. Ұзақ еңбек, азаппен қазылған жохад суды өте аз жинап, тез кеуіп кетеді. Бірақ айналадағы қоймаға судың қайтарылуы жергілікті тұрғындардың қызығушылығын тудырып, дәрігердің қасында көмекшілер қатары көбейеді.
Жохад – үнділердің ежелден су сақтау әдісі
1986 жылы бірінші жохад толығымен қалпына келтіріледі. Бұл өнімділікке көп әсер етпесе де, адамдарға үміт ұялатады. Жұмыстар қарқынмен жалғасын тауып, келесі жылдарда келесі жохадтар пайдалануға беріледі.
1990 жылға қарай нақты нәтижелер көріне бастайды. Арвари өзені қайта ағып қана қоймай, қазан айына дейін құрғамайды. Жұмыстар жалғасады, жаңа су қоймалары ашылады. 1991 жылы өзен қаңтар айына дейін құрғамайды.
1992 жылы Арвари ақпанға дейін, 1993 жылы наурызға дейін және 1994 жылы сәуірге дейін ағады. Жұмыс бір күн болса да тоқтамайды, нәтижесін көрген адамдар Раджендраға сөзсіз мойынсұна бастайды.
1995 жыл аймақ тарихтың жаңа бетін ашады. 9 жылдан кейін Арвари өзені жыл бойы ағып, мүлде құрғамайды. 70 ауыл орналасқан 500 шаршы шақырым жерде эрозия тоқтатылады. 100 метр тереңдікке түскен жер асты сулары 8-10 метрден шыға бастайды.
Раджендра мен оның достары тек жохадтармен шектелмейді. Төбелерге ағаштар отырғызылып, дәрігер дәрілік шөптердің тұқымын себуге кіріседі. Ағаштар ылғалды ұстағаннан кейін шабындықтар көбейіп, микроклимат жақсарып, көптен бері көрмеген аңдар мен құстар қайта оралады. Жохадтарда тіпті балық өсіріледі, бірақ оларды аулауға рұқсат етілмейді.
Арвари өзенінің төңірегіндегі әркім тастап кеткен жердің құны 150 есеге дейін артады. Өнімділік одан да керемет болады - жергілікті фермерлер 10 есеге дейін жоғары нәтижеге қол жеткізе бастайды.
Раджендра аймақтың нағыз кейіпкеріне айналады. Оны «Үндістанның су адамы» және «Су супермені» деп атай бастайды. Осы еңбектердің ішінде дәрігер халық денсаулығы мен салауатты өмір салтын қалыптастырудағы еңбегін ұмытпайды.
Бірақ аймақта су әлі де тапшы болады, ал егін шаруашылығының қарқынды өсіп келе жатқан ауқымы күрделі жағдай туғызды. Раджендра мұның да шешімін табады. Ауылдардың белсенділерін жинап, «Су парламентін» құрып, суды басқаруды толығымен белсенділерге тапсырады.
Раджендра Сингхтің бұл қызметі көпшіліктің қызығушылығын тудырады. Тіпті оны «планетаны құтқарған 50 адамның» тізіміне де қосады. Ол Раджастханмен шектеліп қалмай, Tarun Bharat Sangh атта жаңа ұйым құрады және басқа жерлерде су мәселесін шешуге көмектеседі. Осы жылдар ішінде оның ұйымы 8,600-ден астам жохадты қалпына келтірді, нәтижесінде 1000-нан астам ауылдың өмір сүру деңгейі жақсарды. Арвари өзенінен басқа Рупарел, Сарса, Бхагани және Джахаджвали өзендерінің ағыны қалпына келтірілді.
Өзінің мансабында Раджендра тіпті су жолдары мен ұңғымаларға теріс әсер еткендіктен бірқатар шахталарды жауып тастайды. Жұмыссыз шахтерлер оны ұстап алып, соққыға жыққан кездері де болады.
Раджендра Сингхтың өмірі "жақсылық бәріне ұнамайды, бірақ оған ұмтылу керек" дегенді еске салады.