1982 жылы 20 қазанда УЕФА Кубогының 16\1 матчында Мәскеудің "Спартак" командасы мен Нидерландының "Харлем" командалары кездесті. Мәскеудегі матчтың соңында кеңес спорт тарихындағы ең қорқынышты қайғылы оқиға орын алды. Бірақ мұндай оқиға болғанын КСРО халқы түгіл, алаңдағы ойыншылар да білмеді. "Спартак" футболшылары келесі күні бапкерден не болғанын естиді, бірақ нидерландықтар көпшілікпен бірге бұл туралы жеті жылдан кейін ғана білді.
Оқиға қалай болды
Мәскеуде алғашқы қар ойын қарсаңында жауды. Кездесу күні қазан айына тән емес қатты суық (-10°С) болды. Сондықтан стадион сиымдылығы 82 000 болғанымен ауа райын ескеріп 16 643 ғана билет сатылады. 1982 жылы стадион трибуналарының төбесі болмаған. Матч басталмас бұрын тек екі трибунаны – шығыс "С" мен батыстағы "А" трибунасы ғана қардан тазартылады.
Құжаттарда екі трибунада 23 000 көрермен болғаны айтылған, бұл сатылған билеттер санынан айтарлықтай көп. "А" секторында бар болғаны 4 000-ға жуық көрермен болса, 12 000-ға жуық жанкүйер метроға жақын орналасқан "С" секторында орналасқан.
"Спартак" 16-минутта алға шықты және ойын соңына дейін гол соғылмай сүреңсіз ойын жүріп жатты. Ойын аяқталуына екі минут қалғанда бұдан кейін гол соғылмайтынына сенімді болған, сондай-ақ суық ауа райында тоңған жанкүйерлер стадионнан асығыс шыға бастайды. Ойын барысында жасөспірім жанкүйерлермен қақтығыс туындамасын деп (себебі Нидерландыдан жүздеген жанкүйер келген болатын) полиция қызметкерлері жиналғандарды бақылау үшін төрт шығу есігінің біреуін ғана ашады.
Сатыдан түсіп келе жатқан бір қыз сүрініп құлаған соң, алдыңғылар оған көмектесу үшін тоқтайды, бірақ арт жақтан келе жатқан, жағдайды білмеген қалың жұрт тоқтамайды. Соның салдарынан бойжеткен нөпір аяғының астында тапталып қалады. Осыдан кейін тізбекті реакция басталады, артқы жақтан келе жатқан адамдар бір-бірін итере бастайды, толқынға шыдамаған адамдар сүрініп, жерге құлай береді, осылайша құрбандар саны артады.
Куәгерлердің айтуынша, нағыз кептеліс Сергей Швецов Нидерланды қақпасына екінші голды соққан соңғы секундтарда басталған. Оқиға туралы ресми ақпарат берілмегендіктен, қайғылы оқиғаның қалай болғаны туралы бірнеше болжам бар. Сондай болжамның бірі бойынша, соңғы минутта соғылған голдан кейін стадионнан шығып бара жатқан көрермендер ішке кіруге асыққан, бірақ олардың стадионнан шығып жатқан ағынмен соқтығысуы кептеліс пен бейберекетсіздік тудырған.
Соның салдарынан 66 "Спартак" жанкүйері қаза тапты, олардың көпшілігі 14-19 жас аралығындағы жасөспірімдер еді. Кеңес газеттері ішінен "Вечерняя Москвадан" басқа ешбір басылым трагедия туралы бір жол жазбады. "Мәскеу кешінің" соңғы бетіндегі үнсіз хабарда стадионда апат болғаны және құрбан болғандар бар екені ғана айтылған.
Оқиға тіпті қайтыс болған жасөспірімдердің ата-аналарынан да жасырылған. Олар балаларын ауруханалар мен мәйітханалардан іздеді.
Михаил Горбачев кезінде, жеті жылдан кейін ғана баспасөз "Лужникиде" болған оқиғаны егжей-тегжейлі жазды. Бірақ осы уақытқа дейін қайғылы оқиғаның бірнеше нұсқасы таралды және адамдар шын мәнінде болған оқиғадан гөрі осы қауесеттерге көбірек сенді. Куәгерлер мен құрбандардың туыстары әлі күнге дейін сол күні жүздеген адам қаза тапты деп есептейді. Қайғылы оқиғаның 10 жылдығында Лужники қаласында құрбан болғандарды еске алу үшін ескерткіш орнатылды.