Қоршаған ортаның ластануы жыл сайын әлемде 9 миллионнан астам адамның өліміне әкеледі. Бұл туралы The Lancet Planetary Health журналы жазды.
2015 жылдан бері қоршаған ортаның ластануынан жыл сайын шамамен 9 миллион адам қайтыс болады. Жаңа зерттеуге сәйкес, бұл ауру мен мезгілсіз өлім үшін әлемдегі ең үлкен экологиялық қауіп факторына айналды. Оған себеп атмосфераның нашарлауы және қорғасыннан улану.
Сонымен қатар, 2000 жылдан бері жеңіл, жүк көліктері мен өнеркәсіптегі ауаның ластануына байланысты өлім-жітім 55 пайызға өсті.
Зерттеу Сиэтлдегі Global Burden of Disease институтының жаһандық ауыртпалығы деректер базасынан алынған есептеулерге негізделген. Оның нәтижелері бойынша Үндістанда жыл сайын қоршаған ортаның ластануынан 2,4 млн адам, ал, Қытайда 2,2 млн тұрғын қайтыс болады. Бұл екі ел де әлемдегі ең көп халық санына ие мемлекеттер.
Дәстүрлі ластаушы заттардан болатын өлім-жітім Африкада және кейбір басқа дамушы елдерде де негізгі проблема болып қала береді. Лас су, топырақ және ауа – Чадты, Орталық Африка Республикасын және Нигерияны қоршаған орта ластануынан болатын өлім-жітімі ең көп елдерге айналдырды.
2017 жылы жарияланған зерттеудің бұрынғы нұсқасында да ластанудан қайтыс болғандар саны жылына шамамен 9 миллион, бұл дегеніміз – дүние жүзінде әрбір алтыншы өлім болатыны және жаһандық экономикаға жылына 4,6 триллион долларға дейін шығын әкелетіні айтылған.
Зерттеуге сәйкес, қоршаған ортаның ластануы салдарынан жыл сайын болатын өлім саны – әлемде темекіні көп шегетіндер мен аз шегетіндерді қосқанда қайтыс болатындар санымен бірдей. Салыстыру үшін, COVID-19 пандемиясы басталғаннан бері әлемде шамамен 6,7 миллион адам қайтыс болды.
Бұған дейін БҰҰ сарапшылары қоршаған ортаның парниктік газдар шығарындыларымен және улы қалдықтармен ластануы адамзат үшін коронавирус пандемиясынан гөрі қауіптірек екенін ескерткен болатын.