- Негізгі бет
- Әлемтану
- Италияда үйлер 1...
Италияда үйлер 1 еуроға сатылады
Италияның Лауренцана қаласындағы үйлер 1 еуроға сатылады. Басқа қалалардан айырмашылығы үй сатып алушылар сақтандыру депозитін төлемейді.
Әдетте мұндай мүлікті сатып алу үшін екі-бес мың еуро көлемінде кепілдік салымы қажет. Мүлікті сатып алған адам жөндеуді уақытында аяқтағаннан кейін ақшасы қайтарылады. Лауренцана үкіметі адамдарға қосымша ақысыз үй алуға көмектескісі келетінін айтты.
Аймақтағы салық ставкасының төмен екенін ескере отырып, құжат айналымы үшін төлем 2 мың еуродан 300 еуроға дейін төмендетілді.
Жылжымайтын мүлікті жөндеу жұмыстары сатып алынғаннан кейін үш айдан кешіктірілмей басталып, үш жыл ішінде аяқталуы керек.
Қазіргі уақытта Лауренцананың орталығында ауданы 40-тан 150 шаршы метрге дейінгі 10 үй сатылады. Алайда жөндеуді қажет ететін және жаңа иелерін күткен тағы 40 үй бар.
Ескере кететін жайт, сатып алушы үйді бастапқы қалпына келтіру үшін кем дегенде 20 мың еуро жұмсауға дайын болуы керек.
Айта кетейік, Лауренцана (Laurenzana) – Италиядағы коммуна, Базиликата әкімшілік аймағына қарасты Потенца провинциясында орналасқан. Қаланың тұрақты тұрғынының саны – 2246 адам. Халық тығыздығы – 24 адам/км². Алып жатқан жер аумағы 95 км² шамасында.
Т. Раушанұлы