Индонезияда экологтар пластикалық қалдықтардан ашық аспан астындағы мұражай салды. Мұражай Гресик қаласында орналасқан және 3 айдың ішінде салынған. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.
Оның құрылысына пластикалық бөтелкелер, сөмкелер мен сабандарды қоса алғанда 10 мыңнан астам пластикалық қалдықтар пайдаланылды. Пластикалық қалдықтар ластанған өзендер мен жағажайлардан жиналды.
Мұражайды құрудағы мақсат - адамдарды әдеттерін өзгертуге және бір реттік пакеттер мен бөтелкелерді пайдалануды тоқтатуға шақыру.
"Біз адамдарға бір рет қолданылатын пластмассадан бас тарту туралы ақпарат бергіміз келеді. Бұл пластмассаларды қайта өңдеу өте қиын. Бүгіннен бастап біз бір рет қолданылатын пластмассаны тұтынуды тоқтатуымыз керек, себебі олар біздің мұхитты ластайды, ал су – тіршілік көзі", - деді мұражай негізін қалаушы Приджи Арисанди.
Мұражайдың орталығы – "Деви Шри" деп аталатын мүсін, гүлдену құдайы, оның ұзын етегі бір рет қолданылатын пластикалық тұрмыстық заттардан жасалған.
Пластмасса мәселесі Индонезияда өте өзекті екені айтылады. Бұл ел теңізге пластик қоқысын тастау бойынша Қытайдан кейін екінші орында тұр. Одан кейінгі орындарды Филиппин мен Вьетнам иеленген. Бүкіл әлемдегі пластикалық қалдықтардың жартысынан көбін мұхитқа тастайтын осы елдер.
Айта кетейік, осыған дейін зерттеушілер Тынық мұхитындағы пластикалық қалдықтардан пайда болған "арал" өсіп келе жатқанын айтып дабыл қақан болатын.
"Мұхитта 5 үлкен "қоқыс арал" бар. Оған әлемнің түкпір-түкпірінен пластик қалдықтар жиналып жатыр. Ірі "қоқыс аралы" Тынық мұхитында орналасқан. Оның көлемі АҚШ-тағы Техас штатынан үлкен және Францияның көлемімен бірдей", - дейді Брок.
Пластик қалдықтары 200-500 жылға дейін шірімейді.