- Негізгі бет
- Әлемтану
- Ғылыми тұжырым: Адам...
Ғылыми тұжырым: Адам өлім алдында не сезінеді?
Нью-Йорк университетінің ғалымдары өлім кезінде мидың белсенді болып, сананың айқындылығы өсетінін, адамның өзін-өзі тануы артатынын анықтады.
Бұл тоқтамға ғалымдар тәжірибеден кейін келген. Олар жүрегі тоқтап бір өліп тірілген адамдарды сынақтан өткізген. Тәжірибеге 567 адам қатысқан. Олар 2017 жылдың мамырынан 2020 жылдың наурыз айына дейін зерттеуден өткен. Қысқа өлімді басынан кешіргендер басынан не өткенін сипаттап берген.
Олар алдымен мына сезімдерді бастан кешірген:
• денеден бөліну сезімі;
• оқиғаларды ауыртпалықсыз және азапсыз қабылдау;
• өмірді бағалау;
• басқаларға қатысты әрекеттеріңіз, ниеттеріңіз туралы ойлау.
Ғалымдар бұл иллюзия немесе нонсенс емес екенін дәлелдей алды, өйткені реанимация кезінде мидың жасырын белсенділігіне сынақтар жүргізілген.
«Біз мида белсенді болатын гамма, дельта, тета, альфа және бета толқындарын таптық. Бұл толқындардың кейбірі адамдар саналы ойлау, есте сақтау және қабылдау сияқты жоғары психикалық функцияларды орындаған кезде пайда болады», - дейді зерттеу жетекшілерінің бірі, медицина ғылымдарының докторы, реаниматолог Сэм Парния.
Барлық осы тәжірибелерді өлімге жақын тәжірибелер деп атауға болады және ғалымдар алғаш рет оларды бақылаған. Сонымен қатар, зерттеушілер өлген адам хабар мен естеліктерді ешқандай күйзеліссіз қабылдайтынын айтады.
«Адамның сана сезімі, дененің басқа биологиялық функциялары сияқты, өлім кезінде толығымен тоқтамауы мүмкін. Бұл құбылыстың эволюциялық мақсатын ешкім білмесе де, ол өлімнен кейін де адам санасына қатысты қызықты сұрақтарды анық көрсетеді», - дейді ғалым.
Өлім кезінде миға не болатынын анықтау үшін қосымша зерттеулер қажет. Ғалымдар алғашқы жұмысының нәтижелерін Чикагода өтіп жатқан Америка жүрек қауымдастығының ғылыми сессиясында ұсынды.
Т. Раушанұлы