- Негізгі бет
- Әлемтану
- Гиннесс рекорды: 5...
Гиннесс рекорды: 5 айлығында дүниеге келіп, аман қалған сәби
АҚШ-та мерзімінен бұрын босану бойынша әлем рекорды жаңарды. Бұл туралы Гиннестің рекордтар кітабының ресми сайты жазды.
Бала жүктіліктің 21-аптасында өмірге келген. Бұл жүктілік мерзімі саналатын 40 аптаның жартысы ғана.
Кертис есімді ұл бала 2020 жылдың шілдесінде Алабамада дүниеге келген. Оның салмағы небәрі 420 грамм болған, салыстыру үшін айтатын болсақ бұл футбол добының салмағымен бірдей. Ол қазір 1 жас 4 айда.
Сәбидің анасы Мишель Батлер 2020 жылдың 4 шілдесінде мерзімінен бұрын босану қаупімен дереу ауруханаға жеткізілген. Келесі күні ол Кертис пен ЦʼАсу атты ұл мен қыз босанған. Бір күннен кейін қыз қайтыс болды, бірақ ұл аман қалды. Дәрігерлер оның тірі қалуына небәрі 1 пайыз мүмкіндік бар екенін айтқан.
"Медицина қызметкерлері әдетте балалардың мұндай жағдайда тірі қалмайтынын айтты. Бұл өте қиын жағдай еді. Олар оның тірі қалатынына күмәнмен қарады", - деді Мишель Батлер.
Бала 2021 жылдың сәуір айында ғана ауруханадан шығарылды. Осы уақыт бойы ол реанимацияда, үш ай бойы жасанды тыныс алу аппаратында жатты. Осы уақыт ішінде дәрігерлер сәбиді өз бетінше тыныс алуға және тамақтануға үйретті.
Брайан Симс пен Кертис
"Біз ешқашан мұндай жас баланы неонаталдық реанимация бөліміне жатқызған емеспіз. Кертис мерзімінен бұрын туып, тірі қалған алғашқы сәби. Біз алда не болатынын білмедік", - дейді UAB ауруханасының педиатрия профессоры доктор Брайан Симс.
Балаға әлі де арнайы тамақтандыру түтігі мен қосымша оттегі қажет, бірақ дәрігерлер оның сау екенін айтады.
Тиісті рекорд Гиннестің рекордтар кітабына тіркелді. Кертис бұрынғы рекордшы сәбиді 24 сағатқа артта қалдырды.
Айта кетейік, бұған дейін Шахтинск қаласының тумасы 19 жастағы Руслан Фатахов білтемірге тартылудан бес рекорд жаңартып, Гиннестің рекордтар кітабына енген болатын.
Т. Раушанұлы