Аустралиялық зерттеушілер Құс жолында астрономиялық жұмбақ нысанға тап болды. Бұл туралы Deutsche Welle жазды.
Астрономдар Жерден небәрі 4000 жарық жылы қашықтықта бұрын-соңды ғарышта кездеспеген жұмбақ нысанды тапты. Олардың пікірінше, бұл нейтрондық жұлдыз немесе аса қуатты магнит өрісі бар ақ ергежейлі (термоядролық энергия көздерінен айырылған, электронды-ядролық плазмадан тұратын жұлдыздар) болуы мүмкін.
Алғашқы табылғаннан бері оқиғаларды бақылаған астрофизик және топ жетекшісі Наташа Херли-Уолкердің айтуынша, нысан әрбір 18 минут сайын энергия импульстарын шығарады.
"Радиотолқынды картаға түсіру тобы астрономдар бұрын көрген ештеңеге ұқсамайтын, сағатына үш рет үлкен энергия бөлетін ерекше нәрсені тапты", - деп жазды бейсенбіде Халықаралық радиоастрономияны зерттеу орталығы (ICRAR) Twitter-де.
Бұл жаңалық Аустралияның батыс шетінде орналасқан Murchison Widefield Array деп аталатын төмен жиілікті радиотелескоптың көмегімен анықталды, деп хабарлайды Daily Mail.
Херли-Уолкер жаңалықтың ғылыми ортада үлкен резонанс тудырғанын атап өтті.
"Бұл мүлдем күтпеген жағдай болды. Астрономдар үшін бұл аздап қорқынышты, өйткені аспанда оған ұқсайтын ештеңе жоқ. Барлығын мұқият есептесеңіз, жұлдыздың әрбір 20 минут сайын радиотолқындарды шығаруға жеткілікті энергиясы болмайтынына көз жеткізесіз. Бұл мүмкін емес", - деді ол.
Команда жетекшісі бұл бастапқыда бөтен тіршілік формасының сигналы болуы мүмкін деп ойлағанын айтты.
"Мені олардың жатпланеталықтар екені алаңдатты. Алайда сигнал әртүрлі жиілікте байқалды, яғни бұл жасанды сигнал емес, табиғи процесс", - деп түйіндеді ол.
Топтың зерттеуі апта сайынғы Nature ғылыми журналында жарияланды.
Бұған дейін аустралиялық Паркс обсерваториясы мұндай ерекше сигналды алғаш рет 2019 жылы тіркеген болатын. Сигнал бір рет пайда болып, жоғалып кеткен.