- Негізгі бет
- Әлемтану
- Ерлер неге әйелдерден...
Ерлер неге әйелдерден аз өмір сүреді – ғылыми зерттеу
Хромосомалық жынысты анықтау жүйесінде, бәріміз білетіндей, екі хромосома бар – әйелге тән X және ерге тән Y. Аталық хромосомасында ерлер гормондарын өндіруге жауап беретін SRY гені бар. Белгілі болғандай, жас ұлғайған сайын ерлерде Y хромосомаларының саны азаяды. Тіпті 70 жастағы ерлердің 40 пайызында аталық хромосома мүлде болмайды. Бұрын бұл хромосомасыз өмір сүруге болады деп есептелді. Әйелдер де осы хромосомасыз өмір сүріп келе жатыр деген пікір бар еді. Бірақ, Вирджиния университетінің ғалымдары Швеция мен Жапониядан келген әріптестерімен бірлесе отырып, бәрі олай емес деген қорытындыға келді. Әрине, хромосоманың жойылуы бірден өлімге әкелмейді. Дегенмен, оның болмауының арқасында ерлерде өлімге әкелетін ауру дамиды, бұл өмір сүру ұзақтығын айтарлықтай қысқартады.
Y хромосома және олар неге жойылады?
Адам ағзасындағы жасушалардың көпшілігі адамның өзіне қарағанда әлдеқайда қысқа өмір сүреді. Мысалы, эпителий жасушаларының өмір сүру ұзақтығы бір айдан аспайды. Бірақ біз осыдан айтарлықтай проблема сезбейміз. Өйткені, кейбір жасушалар жойылады, орнына басқалары пайда болады. Адам жаратылысы осындай жүйемен жұмыс істейді.
Әрбір жаңа жасуша хромосомалардың толық жиынтығын алатынын білген жөн. Олардың көшірілуіне және жаңа жасушаларға таралуына жауап беретін арнайы механизмдер бар. Дегенмен, кейде ақау пайда болып, нәтижесінде хромосомалар қате көшіріледі. Олар аз немесе, керісінше, көп болып кетуі мүмкін.
Көшіру кезінде қаншалықты маңызды қате жіберілгеніне байланысты. Егер қатесі бар жасуша аман қалса, ол денеде күрделі проблемаларды тудырады.
Көбінесе Y хромосомасының жойылуынан қан жасушалары зардап шегеді. Қанда аталық хромосоманың болмауы жүрек фиброзының дамуына әкеледі. Тағы айтып кететін маңызды нәрсе – темекі шегетін ерлерде Y хромосомасы тез жойылады.
Ерлер өлімінің жаңа себептері анықталды
Зерттеушілердің айтуынша, Америка Құрама Штаттарындағы әйелдер ерлерге қарағанда шамамен 5 жыл ұзақ өмір сүреді. Басқа дамыған елдерде де жағдай осындай. Оның үстіне ерлер арасындағы өлім 60 жастан кейін артады. Science журналында жарияланған жаңа зерттеу мұның себебін түсіндірді.
"Әсіресе 60 жастан асқасын ерлер әйелдерге қарағанда ұзақ өмір сүрмейді. Бұл биологиялық тұрғыдан олар тезірек қартаятынын білдіреді", - дейді зерттеу авторларының бірі доктор Кеннет Уолш.
Зерттеу аталық хромосоманың жоғалуы жүрек бұлшықетінің жарылуына әкелетінін көрсетеді. Бұл өз кезегінде өлімге әкелетін жүрек жеткіліксіздігі ауруына себеп болады. Бұған қоса, бұрын айтылғандай, жасқа байланысты аурулардың даму қаупі артады.
Тәжірибе әзірге тек тышқандарға жүргізілді. Жұмыс авторлары генді өңдеудің заманауи технологиясын пайдаланды. Олар тышқанның қан жасушаларындағы аталық хромосоманы алып тастаған. Соның салдарынан тышқандарда жүрек ақауы пайда болған.
Бұл зерттеудің нәтижелері расталса, болашақта ғалымдар ерлердің өмір сүру ұзақтығын арттыратын Y хромосомасының жойылу салдарымен күресе алады.
Т. Раушанұлы