- Негізгі бет
- Әлемтану
- Египет Суэц каналын...
Египет Суэц каналын кеңейте бастады
Суэц каналы әкімшілігі каналды кеңейту және тереңдету жұмыстарын бастады. Бұл туралы әкімшілік басшысы Усама Роби мәлімдеді.
Роббидің айтуынша, қазіргі уақытта Ever Given контейнер тасымалдаушысы наурыз айында тоқтап қалған жерде жұмыс жүріп жатыр.
Жоба бойынша канал 10 шақырымға ұзартылады, 30 шақырымдық оңтүстік бөлігі кеңейтіліп, тереңдетіледі.
Суэц каналы – Египеттің солтүстік-шығысында орналасқан шлюзсіз теңіз каналы. Бұл Атлант және Үнді мұхиттары арасындағы ең қысқа су жолы (Африканы айналып өтуді 8000-15000 шақырымға азайтады) және Азия мен Африка арасындағы шартты географиялық шекара болып саналады. Әлемдік сауданың шамамен 12 пайызы Африканы Азиядан бөліп тұрған осы канал арқылы өтеді. Сұйытылған табиғи газ, шикі және тазартылған мұнай сияқты энергия көздерінің 5-10% Суэц арқылы тасымалданады. Арналық трафиктің қалған бөлігі негізінен тұтыну тауарларынан тұрады.
Канал 1869 жылы 17 қарашада алғаш рет ашылған. Оның ұзындығы 161 шақырым, ені судың жоғарғы бөлігінде 120-150 метр, ал су түбінде 45-60 метр. Кемелер каналды орта есеппен 11-12 сағатта жүзіп өтеді.
Айта кетейік, 23 наурызда Ever Given кемесі Суэц каналынан өтіп бара жатып, дауыл салдарынан һәм капитанның қателігінен жағалауға қарай шығып, каналға көлденеңінен тұрып қалды. Нәтижесінде, Суэц каналының қозғалысын толығымен тоқтатты. Бортында 18 мыңнан астам ауыр контейнер болған кемені бұру әрекеттері сәтсіз аяқталды, ал кемені жылжыту үшін сүйреу әрекеттері нәтиже бермеді
29 наурыз күні таңертең, канал жабылғаннан алты күн өткен соң, Ever Given толығымен қайраңнан шығарылды.
Сарапшылардың пікірінше, Суэц каналындағы кептеліс әлем экономикасына күніне 9,5 миллиард доллар шығын келтірген.
Т. Раушанұлы