Палм-Джумейра жасанды аралында орналасқан Дубайдағы ең қымбат вилланың иесі –үнділік миллиардер Мукеш Амбани. Бұл туралы Bloomberg хабарлады.
Амбани иелігіндегі Reliance Industries компаниясы вилланы 2022 жылы миллиардердің кенже ұлы Анант Амбани үшін сатып алған. Үй жасанды аралдың солтүстік бөлігінде орналасқан және 10 жатын бөлмесі, СПА орталығы, жабық және ашық бассейндері бар. Вилла 80 миллион долларға сатып алынған.
Мүлікті сатып алу туралы мәміле құпия болып табылады, үй Reliance Industries бөлімшесіне тиесілі, ал вилланы компанияның жоғарғы директоры және Амбанидің досы Паримал Натвани басқарады.
Амбани вилланы жөндеуге және қорғауға «миллиондаған доллар» жұмсауды жоспарлап отыр, дейді дереккөз.
Амбанидің негізгі резиденциясы Мумбайдағы 27 қабатты Антилия, онда үш тікұшақ алаңы, 168 автокөлік гаражы, 50 орындық кинотеатр және үлкен қонақ күту залы бар.
Айта кетейік, Мукеш Амбани – Үндістандағы ең бай кәсіпкер. Ол Forbes рейтингінде сегізінші орында. Оның байлығы 94,8 миллиард долларға тең.