- Негізгі бет
- Әлемтану
- Аукциондар тарихында ең...
Аукциондар тарихында ең қымбат сатылған көне бұйымдар
Көптеген адам антиквариаттан өткен тарихтың ізін көреді. Оған тарих бұйымы ретінде қарайды. Бірақ нағыз өнерсүйер қауым басқаша ойлайды. Ежелгі экспонаттар олар үшін баға жетпес байлық. Экстремалды коллекционерлер тарихтың белгілі бір бөлігін алу үшін бар байлығын құн ретінде төлеуге дайын. Алайда аукционда әрбір антиквариат белгілі бір бағамен өлшенеді. Массагет порталы аукционда сатылған ең құнды жәдігерлер тізімін ұсынады.
Наполеон Бонапарт қылышы | Фото: pics2.pokazuha.ru
Наполеон қылышы ($ 6 500 000)
Оның алдында қандай шайқас болсын – Бонапарт әрқашан жеке арсеналында тапанша мен қылыш алып жүру әдетіне адал болды. Қылыш алтынмен безендірілген және Наполеонның өзі үшін арнайы жасалған, сондықтан Бонапарт отбасында ол құнды жәдігер саналып, ұрпақтан-ұрпаққа өтіп отырды. 1978 жылы қару Францияның ұлттық қазынасы ретінде танылды. Отыз жылға жуық уақыт өткен соң, тарихи туынды аукционда 6,5 миллион долларға сатылды.
Король Людовик XV күміс табақшасы | Фото: Ancient-origins.net
Людовик XV-тің күміс табақшасы ($ 10 287 500)
Бұл керемет күміс табақшаны ұста Томас Жермен 1733 жылы Людовик XV үшін жасаған. Sotheby's аукционында бұл табақша "француз революциясының қажеттіліктері үшін оқ ретінде ерітілуден сақталып қалынған, тарихи жәдігер" ретінде сипатталды. Күміс бұйым 1996 жылы 10 287 500 долларға сатылды, бұл бастапқыда сұралған сомадан үш есе көп.
Патшайым Катаринаның тәжі \ фото: pinme
Қымбат тастармен безендірілген – Тиара ($ 12 100 000)
Тиара тәжінің ерекшелігі бағалы колумбиялық изумруд пен сары-жасыл гауһардың болуында дейді сарапшылар. Бес жүз караттан тұратын керемет тәж неміс патшайымы Катарина Хенкель фон Доннерсмаркқа тиесілі болды. 2011 жылы ол аукционда 12,1 миллион долларға сатылды.
Мин әулетінің алтын үштағаны /Фото: alux.com
Мин әулетінің алтын үштағаны ($ 14 800 000)
Таза алтыннан жасалған үштаған – біздің заманға дейін жеткен Мин әулетіне тиесілі жәдігер. Ол 1399 жылы билік құрған император Сюанденің сарайында пеш ретінде пайдаланылды (кейбір деректерде үш аяқты орындық дейді). 2008 жылы алтын үштаған 14,8 миллион долларға сатылды.
Олифант. | Фото: therichest.com
Аңшылық мүйіз (олифант) ($ 16 100 000)
Піл сүйегінен жасалған бұл ежелгі жәдігер аңшылық оюмен безендірілген. Бүгінде мұндай тарихи құндылықтың 6 ғана данасы бар. Скандинавиядағы аукционда бір олифант 16,1 миллион долларға сатылды.
Леонардо да Винчидің "Лестер Кодексі" қолжазбасы. | Фото: favorite-books.com
Леонардо да Винчи қолжазбасы ($ 30 800 000)
Лестер графы Томас Кокс бұл ескі ғылыми құжатты 1719 жылы сатып алды. Құнды қағаз 18 парақтан тұрады. Оны екі бүктеп жазғандықтан қолжазбаның жалпы беті – 72. Кодексте Леонардо да Винчидің жасырын айна жазу техникасында жазылған жазбалары бар. Қолжазбада ғалымның қазбалардың табиғаты, судың қасиеттері мен Айдың беті туралы ойлары жинақталған.
Кодексті 1994 жылы Билл Гейтске сатып алды. Содан кейін Гейтс әр бетті цифрландырып, интернетке жүктеді. Лестер Кодексінің өзі үнемі әлемнің түрлі мұражайларында қойылады.
Вена қаласындағы "Бадминтон" кабинетінің бюросы (Аустрия). | Фото: panoramio.com.
"Бадминтон" кабинетінің бюросы ($ 36 000 000)
"Бадминтон" Министрлер Бюросы бұйымы аукциондарда ең жоғары баға бойынша екі рет рекорд орнатты. 1990 жылы оның бағасы 16,6 миллион доллар болды, ал 2004 жылы бюроны Лихтенштейн князі 36 миллионға сатып алды.
Кабинет бюросы 1726 жылы Флоренциядағы Бофорт үшінші герцогының бұйрығымен жасалды. Қара ағаштан және алтын жалатылған қоладан жасалған 3,6 метрлік шкафты жасау үшін шеберлерге 6 жыл қажет болды.
XVIII ғасырдағы Цин әулетінің құмырасы. | Фото: extravaganzi.com
Цин әулетінің құмырасы ($ 83 000 000)
Цин әулетінің құмарасы аукционда сатылған ең қымбат антиквариат бұйым болып саналады. 40 сантиметрлік фарфордан жасалған құмыра Лондондағы үйден кездейсоқ табылды. Алдымен бұйым 1 000 фунт стерлингке бағаланды, бірақ сарапшылар оның шынайылығын растаған кезде антиквариаттың құны 1 миллионға дейін өсті.
Қытай құмырасы XVIII ғасырда жасалған. Ол басқа құмыралардан күрделі суреті арқылы ерекшеленеді. 2010 жылы көне жәдігер 83 миллион долларға сатылды.
Т. Раушанұлы